Accessibility links

Жаңаөзен мектебіндегі хиджаб дауы


Жаңа оқу жылы басталғалы Жаңаөзендегі орамал тағатын 60 шақты оқушы қыз бала сабаққа бара алмай жүр. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, олардың дені бастауыш сыныпта оқиды. Бөлім басшысы балаларының орамалын шешуден бас тартқан ата аналарды сотқа бермекші. Ата-аналар «конституциялық құқығымыз бұзылды» дейді.

Орамал таққан балалардың ата-аналары қыркүйектің 1-інен бері қыздарын мектепке кіргізбей жүргенін айтады. Олардың сөзінше, мектеп директорлары былтырғы мамыр айында әр мектепте ата-аналар жиналысы өтіп, онда мектеп формасы талқыға салынып, ортақ форманың бекітілгенін көлденең тарта береді.

- Бірақ ешқандай жиналыс болғанын естігеніміз жоқ. Әйтпесе балаларымыздың сабағы біз үшін өте маңызды. Мәселен, орамал тағатын қыз балалардың барлығының ең жақсы оқитындар екенін мектеп басшылығы өздері мойындап отыр, - дейді аты жөнін айтудан бас тартқан ата-ананың бірі.

Оның сөзінше, өткен аптада наразы ата-аналармен Жаңаөзен қаласы әкімі Елубай Әбілов те кездесіп, қайта талқылау болатынын айтқан.

Қазақстан орта мектептерінің бірінде хиджаб киген оқушы қыздары. (Көрнекі сурет)
Қазақстан орта мектептерінің бірінде хиджаб киген оқушы қыздары. (Көрнекі сурет)

- Біз бір компромистік шешім күтіп жүрміз. Балаларымыз мектеп формасын толық сақтап отыр. Мектеп талабы бойынша тіктіріп бердік, - дейді дін ұстанатын ата-аналар.

Біз бір компромистік шешім күтіп жүрміз. Балаларымыз мектеп формасын толық сақтап отыр. Мектеп талабы бойынша тіктіріп бердік.

Жаңаөзен қалалық білім беру бөлімінің бастығы Тәттімбет Жұмағалиев өздерінің тек білім министрінің орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы бұйрығын орындап отырғандарын айтады. Оның сөзінше, 2016 жылғы қаңтардың 14-інде шыққан №26 бұйрығында мектеп формасы ата-аналар жиналысында талқыланып, қабылданатыны айтылған.

- Ата-аналар қара көк түсті юбка мен шалбар және ақ жейдені өздері бекіткен. Бастарында ақ бантик болуы тиіс. [Орамал тағатын] төрт баланың ата-анасы келісті. Біз мектептен олар үшін арнайы бөлме бөлдік. Олар [діни ұстанымдарына сәйкес] киімдерін сонда шешіп қояды да, үйіне кеткенде киіп кетеді, - дейді ол.

[Орамал тағатын] төрт баланың ата-анасы келісті. Біз мектептен олар үшін арнайы бөлме бөлдік. Олар [діни ұстанымдарына сәйкес] киімдерін сонда шешіп қояды да, үйіне кеткенде киіп кетеді.

Тәттімбет Жұмағалиев тек орамал тағатын емес, былтыр «тырнақтарын бояп, қысқа юбка киген» 58 қыз балаға да мектепке келуге тыйым салғандарын айтты.

- Олардың ата аналары да бізге шағым түсірді. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Олар дұрысталды,- дейді Тәттімбет Жұмалиев.

Білім беру бөлімінің бастығы даулы мәселе сотта түпкілікті шешілуі тиіс деп санайды.

- Заң бойынша бала сабақтан 36 сағат қалса, біз сотқа беруге тиіспіз. Сотқа береміз. Сотта тиісті шешім қабылданады деп ойлаймын, - деді Тәттімбет Жұмалиев.

Алайда орамал тағатын қыз балалардың ата аналары бұл уәжбен келіспейді.

- Конституцияда дін еркіндігі туралы айтылған. Біз мектеп формасын сақтап отырмыз. Бірақ басындағы орамалда тұрған не бар? Мұсылман елдерінің спортшы қыздары да басындағы орамалмен волейбол, баскетбол ойнап жүрген жоқ па? - деп кейиді наразы ата-аналардың бірі.

Жаңаөзен қаласында 22 орта мектеп бар. Оның екеуі орыс тіліндегі орта мектеп. Бұл мектептерде жалпы саны 30 мың бала білім алады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мұсылмандық діни көзқарасына байланысты орамал, хиджаб пен ниқаб сияқты киім киетін оқушылар мен студенттерді мектептер мен университеттерге кіргізбеу әрекеттері соңғы жылдары жиілеген. Былтыр күзде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) оқушы қыздардың мектепке орамал (хиджаб) тағып баруына байланысты «мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары басшыларымен ортақ мәмілеге келуге» шақырған. Былтырғы қазанның 24-інде жариялаған мәлімдемесінде ҚМДБ исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтқан.

ҚМДБ-ның мәлімдемесінде: «Ата-аналар Қазақстандағы білім беру жүйесі оқытуға ғана емес, адамды өнерге, спортқа, зияткерлік дамытуға бағытталғанын сезінуі керек» деп жазылған. Діни басқарма ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырған.

Былтыр қазан айында Қазақстан билігі мектепте хиджаб пен қандай да бір дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттайтын бас киім және басқа да киім үлгілерін киюге тыйым салынатынын мәлімдеген. Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева мұндай шешім басқа да министрліктермен талқылаудан соң қабылданғанын айтқан.

Мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге қатысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданды. Қазақстан конституция бойынша «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп сипатталады. Елдегі ең жоғарғы құндылық адам мен оның өмірі, құқығы және еркіндігі екені жазылған. Конституция азаматтардың діни наным-сенім бостандығына да кепіл береді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG