Accessibility links

Хиджап таққаны үшін ғана экстремистер тізіміне алынғандар


Ресей арнайы қызметі "Дағыстандағы "Ислам мемлекеті" содырлар ұйымының мүшелерін ұстаған сәт" деп жариялаған сурет.

Ресейдің Солтүстік Кавказ өңірі тұрғындары аты-жөндерінің экстремистерді бақылайтын арнайы тізімге енгеніне наразы. Қазір олардың өмірінде тыныштық жоқ.

Мәдина Солтүстік Кавказ өңірінің астанасы Махачкала қаласында балалар орталығында жұмыс істейді. Қаңтар айында оны полиция тоқтатып тексерген. Ол сол кезде ғана жергілікті полиция бөлімшесінде экстремистерді бақылау тізімінде тұрғанын білген. Содан бері ол заңды құқықтарын қорғау машақатымен өмір сүріп келеді. «Бізді аңдиды» деудің өзі аз. Олар бізді үнемі шақырады, үйге келіп есігімізді қағады, түнгі үште немесе таңғы бесте келіп, тергеуге алып кетеді. Үйде болмасам, барлық көршілерден сұрап, қайда екенімді айтуды талап етеді» дейді ол. Мәдина аты-жөнін толық айтудан бас тартты.

Бұл тек Мәдинаның басындағы жағдай емес. Билік өкілдері оның екі әпкесіне де «профилактикалық тізімге» енгендерін ескерткен. Басқалар сияқты Мәдина да биліктің өзіне неге шүйліккенін түсінбейді. «Отбасымызда содырлар болған емес. Туыстарымның ешбірі Сирияға барған емес. Неге тізімге кіргізіп қойған? Хиджап кигеніміз үшін ғана ма?» деп налиды ол.

Ондаған жылдар бойы экстремистердің ошағы болған Солтүстік Кавказға, әсіресе, 1990 жылдары және 2000 жылдардың басында Шешенстанда болған сепаратистерге қарсы соғыстан кейін аймаққа биліктің ерекше мән беретіні белгілі. Ресми тұлғалар тізімнің қалай жасалғанын, қандай мақсатқа қолданылатынын және онда қанша адамның бар екенін айтпайды.

Дағыстан президенті Рамазан Абдулатипов бұған дейін «республикада 10 мыңға жуық уахабист бар» деп мәлімдеген еді. Ал Ресей ішкі істер министрлігінің осы аймақтағы бөлімі бастығы Абдурашид Магомедов «16 мың экстремист бар» десе, белсенділер «тізімде 20 мыңға жуық адамның аты-жөні жазылған» дейді.

2016 жылдың маусымында Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам және адам құқығы жөніндегі кеңес есебін жариялап, бақылау тізімін сынады, оған кірген адамдардан көптеген шағым түскенін айтты. Баяндамада «тізімдегі жандардың көбі радикал уахабист немесе салафиттер емес, дәстүрлі ағым өкілдері (сопылар) екені» айтылған.

Баяндамада мамандар тізімнің құқықтық негізі мен пайдасына күмән келтіреді. «Бұл тізім Солтүстік Кавказда тәртіп орнатуға қалай көмектеспек?» деп сұрайды баяндама авторлары.

28 жастағы жүк көлігін жүргізуші Абдурахман (аты-жөнін толық айтқысы келмеді) Махачкалада туған, қазір Мәскеуде тұрады. Жақында оның әйелі ұл туды, бірақ Абдурахман баласын алып Дағыстанға баруға қорқады. Өйткені, ол бірнеше ай бұрын Мәскеу метросында төлқұжатын тексергенде бақылау тізімінде екенін білген. Содан бері полиция оны сан мәрте тергеген. «Отбасымды көргім келеді, бірақ мен ол жаққа барсам, түрмеге қамап қояды деп қорқамын. Мысалы, басқаларға жала жапқандай қалтама есірткі немесе қару салып жіберуі, туыстарымды қорқыту үшін әйелімді түрмеге қамаулары мүмкін» дейді ол Азаттыққа.

Абдурахманның сөзіне қарағанда, тергеу рәсімдері қайталанып келеді – үнемі әуелі саусақ таңбасын алады, қан мен сілекей үлгілерін алады, сосын суретке түсіреді. Бұдан соң жігіт сағаттап камерада отырады, Махачкаладан жауап күтеді, содан соң жібереді.

Дағыстан полициясы тексеріп жатқан көлік. (Көрнекі сурет)
Дағыстан полициясы тексеріп жатқан көлік. (Көрнекі сурет)

Жүк көлігін жүргізуші болғандықтан бұның бәрі Абдурахманға кедергі келтіреді. 10-12 сағат түрмеде болғандықтан, ол жүкті кешіктіріп апарады. Абдурахманның қорғаушысы Александр Островский «Ол қатты шошынып қалған. Оны 1937 жылғыдай ұстайды, белгісіз мерзімге әкетеді. Ақыры немен бітетінін ол білмейді. Олар бізге Абдурахманның бақылау тізіміне қашан және қалай кіргенін айтпады. ФСБ (Федералды қауіпсіздік қызметі) мен ішкі істер министрлігіне ресми сұрау салдық, оның бәрін Дағыстанға жібереді, ары қарай жауап жоқ. Иә, ол мұсылман, шағын сақалы бар. Бірақ туыстарының ешбірі терроршы емес. Тізімге алуға ешқандай себеп жоқ» дейді. Островскийдің айтуынша, мәскеулік полиция қызметкерлері «Абдурахман тізімде болмауы тиіс, оның аты-жөнін тізімнен шығаруға болады» деп кеңес берген.

Азаматтық қоғам және адам құқығы жөніндегі кеңес мүшесі Максим Шевченко 2016 жылдың қыркүйегінде Владимир Путинге бақылау тізімі туралы кеңестің есебін өз қолымен тапсырған.

Путин шенеуніктерге бұйрық беріп, мәселені қарауды тапсырған. Шевченко «содан бері аздаған өзгеріс бар» дейді. Путинмен кездесуден бірнеше ай өткен соң дағыстандық қорғаушы Аида Касимова үш клиентін әлгі тізімнен сот арқылы алғызған.

«Сот кезінде тізім туралы көп нәрсе білдік. Тізімде отбасы ғана емес, компаниялардың тұрғанын білдік. Алдымен директорды, кейін барлық қызметкерлерін тізімге алған» дейді Касимова. Ол тағы бірнеше адамның аты-жөнін тізімнен шығару үшін сотқа арыз түсірген, бірақ процесс баяу жүріп жатыр.

«Тізім туралы сұрағанда экстремизмен күрес жөніндегі орталық әртүрлі жауаптар береді. Жақында «бақылау тізімі жоқ» деген жауап келді. Ал оның адлында «бар» деген болатын. Дағыстанның жоғарғы сотына шағым түсіріп, тұтас тізімді заңсыз деп тануды сұрамақпыз» дейді қорғаушы.

Ал Ресей президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңестің тағы бір мүшесі Александр Мукомолов «экстремизмнің Дағыстанда үлкен проблемаға айналғанын» айтады.

«Мыңдаған дағыстандықтар Сирияға соғысқа кетті. Олар тапсырма алып келсе, көптеген террорлық әрекеттер болады, сондықтан оларды және олардың туыстарын арнайы қызмет бақылауы керек. Бірақ тұтас халықты бақылау мүмкін емес. Мәселе жайлы Путинге ескертілген соң негізгіз қамау тоқтатылды, бірақ бәрібір проблема бар» дейді ол.

Елизавета Маетнаяның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG