Accessibility links

Діни басқарма салафит мешітінің жаңа имамын орнынан алды


Махачкала қаласындағы «Ән-Надырия» мешітіне имам болып тағайындалып, қайта орнынан алынған Магомедрасул Саадуев.
Махачкала қаласындағы «Ән-Надырия» мешітіне имам болып тағайындалып, қайта орнынан алынған Магомедрасул Саадуев.

Дағыстан діни басқармасы Махачкаладағы салафиттер көп келетін екі мешіттің біріне имам тағайындап, оны бес күн өткен соң орнынан алып тастады. Ол өңірде салафизмді ұстанатын тұрғындар жиі қуғындалады.

Ресейдің Дағыстан республикасының орталығы Махачкала қаласындағы «Ән-Надырия» мешіті – Бостондағы марафонда жарылыс ұйымдастырған Тамерлан Царнаев 2012 жылы Дағыстан мен Шешенстанға келгенде арнайы бас сұққан діни орын. Дағыстан мұсылмандарының діни басқармасы (ДМДБ) 24 қарашада Магомедрасул Саадуевты осы мешіттің имамы етіп тағайындаған. Арада бес күн өткенде діни басқарма «имамды мешіт жамағатының өздері сайласын» деп, оны қызметінен қайта алып тастады. Діни басқарма мұндай тосын қадамға неге барғанын түсіндірген жоқ.

Ұзын саны 30-50 мыңға жетіп қалған салафиттердің, сүнниттердің шафиғи мазхабына жататын екі жарым миллион мұсылманның атынан өкілдік ететін Дағыстан мұсылмандары діни басқармасының және қауіпсіздік мекемелерінің арасындағы жағдай бұрыннан шиеленісіп тұр. Бұл оқиға олардың қарым-қатынасына қалай әсер ететіні белгісіз. Қауіпсіздік органдары бұрынырақта салафи ағымындағыларды тегіс «содырлар» деп есептесе, енді оларға «Ислам мемлекеті» тобына кіргелі жүрген терроршылар деген айып тағып келеді.

Шешендердің дала командирі Шамиль Басаевтың 1999 жылғы шабуылынан бері Дағыстанда салафизм ағымына заң бойынша тыйым салынған.

ҮШ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДІНГЕ ҚАТЫСТЫ ҮШ ТҮРЛІ САЯСАТЫ

«Черновик» тәуелсіз апталық басылымының жазуына қарағанда, ислам ғалымдарының «Ахл-ус-Сунна» ұйымы басқаратын салафиттер қауымдастығы мен ДМДБ (және жалпы республика басшылығы) арасындағы қарым-қатынас соңғы он жыл ішінде ел басқарған президенттердің тұсында түрлі өзгерістерге ұшырап отырған.

Махачкаладағы салафилер мешіті.
Махачкаладағы салафилер мешіті.

2006-10 жылдары ел басқарған Муху Әлиев діни мәселелерден бойын аулақ салып, сол жылдары қуатты күш болып тұрған Солтүстік Кавказ жасақтарын тыюға құқық қорғау органдарына барлық мүмкіндікті берген.
Оның орнына келген Магомедсалам Магомедов керісінше салафиттер мен ДМДБ арасында диалог орнату бағытын қолдады. Ол президенттік құрған үш жылдың ішінде салафиттерге қысым бәсеңсіп, барлау азайды, ал қарулы жасақтар полиция мен қауіпсіздік күштеріне шабуылды үдете бастады.

2012 жылы көктемде «Ахл-ус-Сунна» мен ДМДБ өкілдері кездесіп, мақсат-мүдделерін жақындастыра түсуге келісті. Алайда арада төрт ай өткенде Солтүстік Кавказ жасағының жанкештісі сопылар құрмет тұтатын рухани тұлға Саид-Афанди Черкейскийді өлтірді. Сөйтіп, екі ұйым арасындағы диалог басталмай жатып тоқтады.

Ресей президенті Владимир Путин 2013 жылдың қаңтарында президент етіп тағайындаған Рамазан Абдулатипов сөз жүзінде сүнниттер мен салафиттер арасында диалог орнатуды жақтағанымен, іс жүзінде діни басқарманы толық қолдады, олар да бұған сенім артты. Есесіне полиция мен қауіпсіздік органдары салафит азшылық өкілдеріне қысымды қайта күшейтті, әсіресе олардың ислам заңдарына сай жұмыс істейтін мейрамханалары мен коммерциялық мекемелеріне қатты шүйлікті.

Қысымды күшейткен билік тек Махачкалада ғана емес Буйнактағы (2014 жылдың тамыз мамыр айларында, 2015 жылдың қараша айында), Дербенттегі (2014 жылдың тамыз айында) мешіттерде рейд жүргізді.

Сол мешіттердегі жұма намазға жиналған жұрттың барлығын автобустарға мінгізіп, полиция бекетіне алып барды. Онда олардың әрқайсысы Солтүстік Кавказ жасағына, «Ислам мемлекетіне» қатысы бар адам деген күдікке ілігіп, суретке тартылып, саусақ іздері алынды.

ҚАЙТА-ҚАЙТА АУЫСҚАН ИМАМДАР

Саадуевті имам етіп тағайындардың алдында Котров көшесіндегі атышулы «Ән-Надырия» мешітінің төңірегінде де біраз дүрбелең болған. Ол оқиға 20 қарашада басталды. Сол күні полиция Мәскеуден келген екі журналиспен қоса мешітке намазға келгендердің барлығын қамауға алды.
Махачкаладағы салафилер мешітінде отырған адамдар.
Махачкаладағы салафилер мешітінде отырған адамдар.
Арада бірнеше сағат өткен соң денелі 40 жігіт қоршаған мүфтидің орынбасары Ахмад қажы Кахаев мешітке кіріп келіп, жұртқа «республика басшылығы мен күш органдары діни басқармаға мешітке тез арада бақылау орнату туралы ультиматум қойды, егер бұл шарт орындалмаса мешіт жабылады» деді. Алайда Дағыстан ішкі істер министрлігіне қарасты сенім бостандығы және діни ұйымдармен қарым-қатынас комитетінің баспасөз хатшысы да, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің Дағыстан директораты да мұндай талап қойылғанын жоққа шығарды. Ұлттық террорға қарсы комитет те мұндай бұйрық болмағанын айтты.

Мүфтидің орынбасары Ахмад қажы Кахаев мешіт ашылғалы оны басқарып келе жатқан, соңғы кездері денсаулығы нашарлаған Хасан қажы Гасаналиевтің орнына Дауд қажы Тумалаевтың бас имам болып тағайындалғанын хабарлады. (Мешітті салдырған Хачилаев әулеті де, екі имам да – лак этносының өкілдері).

Мешітке келуші жамағат «имамды өзіміз сайлауға қақымыз бар» деп, Тумалаевтың тағайындалуына наразылық білдірді. Дағыстанда бұл тәртіп көп сақтала бермейді, себебі имамдардың көбін ДМДБ жоғарыдан тағайындайды.

24 қарашада баспасөз мәслихатын өткізген Магомедрасул Саадуев «күш құрылымдарының қатты қысымына ұшыраған діни басқарма мешітті жапқызбай сақтап қалу үшін Гасаналиевтің орнына шұғыл түрде жаңа имамды тағайындауға мәжбүр болды» деген. Алайда ол қысым көрсеткен «күш құрылымдарының» кім екенін атап айтудан бас тартты. Магомедрасул Саадуев барлық тараптың көңілінен шығатын имамды сайлаудың қажет екендігін, оған күш органдарының араласпайтынын айтты.

Махачкаладағы салафилер мешітіне жиналған жұрт.
Махачкаладағы салафилер мешітіне жиналған жұрт.

«Бұл мешітке көп адам кіргісі келмейді. Бұл мешітті жаман атынан арылтып, құқық қорғау органдары оны ұмытатындай ету үшін мұнда ерекше білімі бар адам имам болуы керек» деді Саадуев.

Арада бірнеше сағат өткенде сол Саадуевтың өзі «Ән-Надырия» мешітінің имамы болып тағайындалды. Садуевты қолдайтындар көп болып шықты. Бір блогер оны «ең адал, таза, білімді әрі шыншыл мұсылмандардың бірі» деп сипаттады. Тағы бір адам оны «мүфтиятты қолдайтындар да, салафи ағымындағылар да бірдей құрметтейтін жалғыз діни тұлға» деп атап, «Дағыстанның мүфтиі болуға бірден-бір лайық кісі – осы» деді. Ол имамдық ететін орталық мешіт – салафиттер мен сопылар қатар құлшылық ететін жалғыз діни орын.

«ЫҚПАЛДЫ ДІНБАСЫНЫҢ БЕДЕЛІН ТҮСІРУ»

Халықаралық дағдарыс тобы (International Crisis Group) ұйымының Мәскеудегі кеңсесінің өкілі Екатерина Сокирянскаяның айтуынша, Магомедрасул Саадуевтың жамағатпен ақылдаспастан, өзін осылайша имам етіп тағайындай салуға жол беруі оның абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

«Бәлкім оны бұлайша тағайындау арқылы әлдекімдер Дағыстандағы ең ықпалды дінбасының беделін түсіргісі келген болар» дейді сарапшы.

Қарашаның 20-сында полиция қаладағы екінші салафиттер мешітіне келген бірнеше адамды (олардың саны 5-тен 14-ке дейін делінеді) тұтқынға алған еді. Қарашаның 24-індегі баспасөз мәслихаты кезінде Магомедрасул Саадуев ол мешіттің имамын ешкім ауыстырмайды деп сендірген. Алайда оның бұл сөзі де жалған болып шықты. 28 қарашада «Новое дело» басылымы Венгер жауынгерлері көшесіндегі мешітті жабылудан сақтау үшін Дағыстанның мүфтияты мүфтидің орынбасары Магомед Магомедовты (Кахибский) оның имамы етіп тағайындады деп хабарлады.

Махачкаладағы мешітке жиналған жамағат.
Махачкаладағы мешітке жиналған жамағат.

Халықтың пікірімен санаспастан имам тағайындағанына наразы болған мешіттің қоғамдық кеңесінің өкілдері дереу Мәскеуге ұшып барып, Ресей мүфтилері кеңесінің тең төрағасы Нафигулла Ашировқа арыз айтты.
Аширов Дағыстанның бас мүфтиі телефон шалғанда, тұтқаны Магомедрасул Саадуевтің өзі көтеріп, Венгер жауынгерлері көшесіндегі мешіттің имамын ауыстыру жоспарынан мүлде хабарсыз болғанын айтқан.

Маусым айында осы мешіттің бұрыннан келе жатқан уағызшысы Надир Медетов (ака Надир абу-Халид) «Ислам мемлекеті» террорлық тобының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге мойынсұнып ант берген, жақтастарын да осылай істеуге шақырған. Содан бері бұл мешітке келушілерді қудалау көбейіп кеткенде Нафигулла Аширов оларға араша түскен.

Магомедрасул Саадуевтың «Ән-Насырия» мешітіне имам болып тағайындалып, бес күннен соң қайта алынуының нақты себебі жоқ. Сарапшылар бас мүфти оны өздігінен тағайындап, өз қалауымен қайта босатқан жоқ дейді. Оған республика басшысы Абдулатипов немесе қауіпсіздік органы әлде Мәскеудегі мүфтилер кеңесі пәрмен берген болуы ықтимал.

Биліктегілер қандай мақсатты көздесе де, әйтеуір салафиттердің ахуалы жақсармайтын түрі бар. Ресей журналисі Ирина Гордиенконың айтуынша, бұл жағдай салафиттердің «Ислам мемлекеті» жасағына қосылу үшін бала-шағаларымен Сирияға қарай ағылуына түрткі болуы мүмкін.

Лиз Фуллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG