Accessibility links

«Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымы әлсіреді ме?


Қаза тапты деген «Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымы жетекшісі Магомед Сулейманов.
Қаза тапты деген «Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымы жетекшісі Магомед Сулейманов.

Өткен аптада Дағыстандағы терроршыларға қарсы операция кезінде «Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымы жетекшісі қаза тапты. Ұйым мүшелері ИМ-ге қосылып жатқаны жайлы ақпарат бар.

Дала командирі Магомед Сулейманов қаза тапты деген ақпараттан соң, кейінгі тоғыз айда содырлары Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымына қосылып жатқан «Кавказ әмірлігі» жасағы әлсіреді деген үмітті деректер пайда болған еді. Бірақ ресейлік сарапшы Яна Амелина «Кавказ әмірлігі» содырлар жасағы жойылады деп дәмеленуге әлі ерте» дейді.

Жақында опат болған Магомед Сулейманов (Абу Усман Гимринский) «Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымының осы екі жыл ішінде қаза тапқан үшінші жетекшісі.

Доку Омаровтың (төменгі қатарда, ортада) шешен содырларымен түскен суреті.
Доку Омаровтың (төменгі қатарда, ортада) шешен содырларымен түскен суреті.

«Кавказ әмірлігі» ұйымын 2007 жылы құрған шешен Доку Омаров 2013 жылдың қыркүйегінде тамақтан уланып өлді, оның ізбасары Алиасхаб Кебеков (авар, «Кавказ әмірлігін» басқарған ұлты шешен емес алғашқы командир) 2015 жылдың сәуір айында Буйнанск шетіндегі терроршыларға қарсы операция кезінде оққа ұшты.

Кейінгі онжылдықта Солтүстік Кавказдағы бүлікшілерді басқарған көптеген беделді командирлер мен жауынгерлер опат болды. Олардың ішінде шешендердің Ичкерия Республикасы президенті Аслан Масхадов (2005 жылдың наурызы), дала командирі Шәміл Басаев (2006 жылдың шілдесі), идеолог Саид Бурятский (2010 жылдың наурызы); 2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың басында Қабардин-Балқарда бірнеше адамды өлтіріп кеткен Әскер Жаппуев бастаған содырлар тобы және ағайынды шешендер Хусейн және Мүслім Гакаевтар бар (2013 жылдың қаңтары).

Содырлар қолынан құрбан болғандардың ресми есебі соңғы екі жылда ірі шабуылдардың азайғанын және жапа шегушілер саны күрт кемігенін көрсетеді. Бұған Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі айтарлықтай еңбек сіңірді, олар бүлікшілерді қолдайтын адамдарды жүйелі түрде ұстап отырды, жауынгерлердің азық-түлік және дәрі-дәрмек алуын қиындатты, олардың жасырын әскери базалар арасында жүрулеріне тосқауыл қойды. Осындай белсенді бақылаудың арқасында «Кавказ әмірлігі» содырларының бір-бірімен араласуы, хабар алмасуы қиындады.

Оның үстіне, «Кавказ әмірлігі» ұйымының Дағыстан мен Шешенстандағы бірнеше командирі Әбу Бакр әл-Бағдадиге (ИМ жетекшісі – ред.) адал болуға ант берді. ИМ тобына қосылу үшін Кавказ әмірлігінен кеткен жауынгерлер санын нақты анықтау мүмкін болмады. Олардың ішінде қазіргі жағдайда Сирияға барып, ИМ-нің қатыгез идеологиясы мен соғысу әдісін үйрену қажет деп білген, одан кейін Солтүстік Кавказға оралып, бірнеше жыл қатарынан «жиһад» жасау сияқты мақсатты көздейтіндер болуы да мүмкін.

«Кавказ әмірлігі» ұйымының Шешенстандағы жетекшісі Аслан Бютукаев (Амир Хамзат) барлық шешен содырлары атынан ИМ жетекшісі Бағдадиге бағынуға ант берсе де, жауынгерлердің біраз бөлігі «Кавказ әмірлігі» ұйымы сапында қалып қойды. Сол жауынгерлер маусым және шілде айларында әскери кеңес өткізіп, Бютукаевтің орнын басатын басшы табу мәселесін талқылаған. Олардың қолбасшы етіп кімді сайлағаны жарияланбады.

Ресейдің ислам комитеті төрағасы Гейдар Джемаль «қауіпсіздік күштері «Кавказ әмірлігі» басшыларын жүйелі түрде жойып келеді, енді олар мұндағы содырлар жасағының әлсірегенін пайдаланып Кавказға ИМ шабуылдауы мүмкін деп қауіптенеді» дейді. Джемальдің айтуынша, «бұл фактор Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) маңызын жоғарылатады және Қырым аннексиясынан соң араздасып қалған Ресей мен Батыс елдері арнайы қызметтері арасындағы ынтымақтастықты қалпына келтіруге көмектеседі».

Ресейдің ислам комитеті төрағасы Гейдар Джемаль.
Ресейдің ислам комитеті төрағасы Гейдар Джемаль.

Джемаль «Кавказ әмірлігі» мүшелері ИМ-ге толық өтіп кетсе, бұл жасақтың ішінде жүрген ФСБ «жансыздары» шұғыл ақпараттарды бере алмай қалады» дейді.

«Кавказ әмірлігі» содырлары Солтүстік Кавказда дербес операциялар жүргізуі мүмкін екенін ескерсек, Сулеймановтың орнына кімнің содырлар жетекшісі болып бекітілгенін анықтауға бірнеше ай керек болуы мүмкін.

Ресей ғылым академиясы этнология және антропология институтының этносаяси зерттеулер орталығы қызметкері Ахмет Ярлыкапов «жаңа жетекші Кебеков пен Сулейманов тәрізді діни беделді тұлға емес, әскери командир болады» деген жорамал айтты. Ярлыкапов та, ресейлік ғалым Михаил Рощин де шешен жасақтарының арасында беделі бар Асламбек Вадаловтың «Кавказ әмірлігі» содырлары жетекшісі болуы мүмкін екенін айтады.

10 жыл бойы Сирияда «оқып», соғыс қимылдарына қатысқан, Дағыстанға жақында ғана оралған Гаджи Абдуллаевтың (Әбу Дуджана Гимринский деген атпен де танымал) да «Кавказ әмірлігі» содырларын басқаруға мүмкіндігі бар. Оның тамыздың 16-сы күнгі терроршыларға қарсы операциядан аман қалуы да мүмкін.

Ал шешен тарихшысы Руслан Мартагов «жаңа басшы біз бұрын мүлдем естімеген адам болуы да мүмкін» дейді. Ол Солтүстік Кавказдан тыс жерлерде де «жаңа Саид Бурятскийлер пайда болуы мүмкін» деп есептейді.

Лиз Пуллердің мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды.

XS
SM
MD
LG