Accessibility links

Мәскеу соты "Христиан мемлекеті" белсенділерін қамады


Адвокат Константин Добрыниннің кеңсесі алдында өртенген көлігі. Мәскеу, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Адвокат Константин Добрыниннің кеңсесі алдында өртенген көлігі. Мәскеу, 11 қыркүйек 2017 жыл.

Мәскеудің Хамовнический соты "Христианское государство" қозғалысының белсенділері Александр Баянов пен Юрий Калининді 11 қарашаға дейін қамауға алды. Белсенділер "Матильда" фильмінің режиссері Алексей Учительді қорғайтын адвокат Константин Добрыниннің кеңсесі алдында көлігін өртеді деп айыпталып отыр.

Баянов пен Калинин сотта айыбын мойындады. Олар кінәлі деп танылса, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.

Сот сонымен қатар үшінші айыпталушы Денис Манталуцті де қамауға қаулы шығарды. Манталуцтің айыбын мойындағаны, я жоққа шығарғаны белгісіз.

Бұған дейін полиция Калининнің үйін тінткен кезінде жанғыш заты бар ыдыстар мен "Матильда үшін отқа түс" деген жазуы бар үнпарақтар табылғаны хабарланған.

18 қыркүйекте Ресей адвокаттар палатасы Федерация кеңесіне "Матильда" фильміне қарсылар тарапынан қуғын көріп отырғанына назар аударуды сұрап қайырылған.

"Матильда" фильмі прокатқа 26 қазанда шығады. Фильмге қарсы кампанияны Мемлекеттік дума депутаты Наталья Поклонская бастап отыр. Ол Ресейдің соңғы патшасы Николай II мен балет бишісі Матильда Кшесинскаяның арасындағы махаббат хикаясы туралы фильм "діндар адамдардың сезімін қорлайды" дейді.

Ресейде қазірдің өзінде ондаған кинотеатр фильмді көрсетуден бас тартып отыр. Кинотеатрлар басшылары бас тартуды фильмге қарсылар тарапынан қоқан-лоққының жиілеуімен байланыстарды.

XS
SM
MD
LG