Accessibility links

Астана Пхеньянды дағдарысты бейбіт реттеуге шақырды


Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2017 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 21 қыркүйек 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Нью-Йоркте БҰҰ Бас саамблеясының сессиясының жалпы дебатында сөйлеп, Астананың Пхеньянның ядролық сынақтарына алаңдайтынын мәлімдеді. Бұл жайында 22 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Біз халықаралық қауымдастықтың айыптауына қарамастан Солтүстік Кореяның 21-ғасырда жалғыз өзі болып ядролық сынақ жасап жатқанына қатты алаңдаймыз. Солтүстік Кореяның ядролық қару жасау және зымыран бағдарламаларын ары қарай дамытуы мүлдем дұрыс емес" деді Әбдірахманов.

Министр Солтүстік Кореяны Корей түбегіндегі дағдарысты саяси жолмен шешуді құптайтынын білдіру үшін маңызды қадамдар жасауға шақырды.

Әбдірахманов сонымен қатар БҰҰ жүйесіне сын айтылса да, БҰҰ әлемдегі миллиардтаған адам үшін "үміт белгісі" болып қала беретінін айтты. Ол Қазақстан БҰҰ-ның дағдарыстарға тиімді жауап беру қабілетін күшейту үшін ұйымды реформалауды қолдайтынын және БҰҰ-ның бітімгерлік қызметін нығайтып, жетілдіру жолынн таймайтынын айтты.

Министр Әбдірахманов сонымен бірге Астананың Таяу Шығыстағы бейбіт процесс бойынша ұстанымын да білдірді. "Қазақстанның Таяу Шығыс бейбіт процесі бойынша ұстанымы екі мемлекет принципіне негізделген. Қауіпсіз, мойындалған шекара аясында, Израильмен іргелес өмір сүретін, астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан егеменді, тәуелсіз өміршең және біртұтас Палестина мемлекеті құрылуы керек" деді Қайрат Әбдірахманов.

XS
SM
MD
LG