Өзбекстанда Ucell брендімен жұмыс істейтін Швецияның Telia (бұрынғы TeliaSonera) телекоммуникациялық компаниясы АҚШ-қа 965 миллион доллар көлемінде айыппұл төлейді. Bloomberg басылымының жазуынша, Нью-Йоркте сот отырысы кезінде тараптар осындай келісімге келген.
Telia компаниясы 965 миллион доллардың 548 миллионын АҚШ әділет министрлігіне, қалған 417 миллионын Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссияға төлейді. Ал АҚШ әділет министрлігі қаражатты Нидерланд прокуратурасына, Бағалы қағаздар комиссиясы Швеция прокуратурасына жолдайды.
2014 жылы АҚШ әділет министрлігі компания Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға жақын адамдарға пара берді деген күдік келтірген. Осыдан кейін Telia операторына қатысты АҚШ пен Еуропа елдерінде тергеу басталған. Швейцария, Бельгия және Люксембург банктерінде сақталған 850 миллион доллар бұғатталған.
Тергеу жұмыстары тек Telia компаниясына емес, VimpelCom Ltd. және Mobile TeleSystems операторларына қатысты да жүргізілді.
2016 жылдың ақпан айында VimpelCom АҚШ және Нидерланд билігіне 795 миллион доллар айыппұл төлейтін болған.
Сотта белгілі болғандай, Telia компаниясы 2007-2010 жылдар аралығында Гүлнәр Каримоваға тиесілі Takilant компаниясына бірнеше миллион доллар ақша аударған. Прокуратураның мәлімдеуінше, швед компаниясы Өзбекстан нарығына шығу үшін пара берген.
АҚШ әділет министрлігі мен Telia компаниясы арасындағы келісімге сәйкес, швед операторы алдағы үш жыл бойы коррупция ісіне байланысты жеке адамдарды қылмыстық жауапқа тартуға көмектеседі.