Accessibility links

БАҚ: Трамптың миграция туралы жарлығы өзгеруі мүмкін


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ билігі президент Дональд Трамптың миграцияға шектеу қоятын жарлығын жаңаша өзгертуі мүмкін. Бұл туралы Wall Street Journal (WSJ) газеті хабарлады.

WSJ дерегі бойынша, жаңадан енгізілмек шектеу шаралары қазіргіден де көп азаматтарды қамтуы ықтимал. Газет сұхбаттасқан адамдардың сөздерінше, президент әкімшілігі қазір жаңа ережелерді әзірлеп жатыр.

Басылым дерек көздерінің айтуынша, шектеулер АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін елдердің азаматтарына қатысты қолданылуы ықтимал. Трамп жаңа шектеу шаралары туралы 24 қыркүйектен кейін жариялайды деп хабарлайды газет. Тұрғындарының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтын алты елдің азаматтарының АҚШ-қа келуіне уақытша тыйым салу туралы бұған дейін президент қабылдаған жарлықтың қолданыс мерзімі де сол күні аяқталуы тиіс.

Қаңтарда Трамп елге Африка мен Таяу Шығыстан иммигранттардың келуіне тыйым салатын жарлық қабылдаған болатын. Сонымен бірге жарлықта босқын қабылдауды 120 күнге тоқтату қарастырылған. Бруклиннің федералдық соты ол құжаттың күшін тоқтатқан.

Наурыз айында Ақ үй басшысы қол қойған жарлықтың жаңа редакциясында Иран, Йемен, Ливия, Сирия, Сомали мен Суданның тұрғындарына АҚШ аумағына кіруге 90 күнге тыйым салынатыны айтылған. Босқын қабылдау ережесіне өзгеріс енгізілмеген еді. Бұл жарлықтың күшін Гавайи соты тоқтатып қойған.

26 маусымда АҚШ жоғарғы соты жарлықтың күшін ішінара қалпына келтірген. Сот қаулысында АҚШ президентінің наурыздағы жарлығы жоғарғы сот істі қарауды толық аяқтағанға дейін ішінара күшіне енетіні туралы айтылған. АҚШ жоғарғы сотының келесі отырысы қазанда өтпекші.

XS
SM
MD
LG