Accessibility links

Каталонияда Испаниядан бөлінуді қолдаған митинг өтті


Каталония туын ұстап, Испаниядан бөліну туралы референдумды қолдап митингіге шыққандар.
Каталония туын ұстап, Испаниядан бөліну туралы референдумды қолдап митингіге шыққандар.

Каталонияның Испаниядан бөлінуін жақтайтын мыңдаған адам 1 қазанға белгіленген тәуелсіздік жөніндегі референдумды қолдап Барселона мен бірнеше қалада митингіге шықты. Көшеге шыққандардың көпшілігі қолдарына Каталония туы мен тәуелсіздікті қолдап дауыс беруге шақырған плакаттар ұстап жүрді. Испания билігі референдумды заңсыз деп жариялап, оны өткізбеуді талап етеді. Сепаратист саясаткерлер референдумды қолдайтын плакаттар басып шығарып, таратуға шақырып жатыр.

Каталония аймақтық парламентінің спикері Кармен Форкадел Барселонада митингіге шыққандарға қарата "Сіздерден көшеге шығып, дауыс беруді сұраймын! Каталонияның болашағы үшін дауыс беріңіздер!" деп мәлімдеді.

Испанияның конституциялық соты референдум өткізуге шақыратын жергілікті заңның күшін тоқтатты. Полиция дауыс беруге дайындық жұмыстарына барынша кедергі келтіруге тырысып жатыр.

Сепаратистер дегенмен егер референдумда Испаниядан бөлінуді қолдайтындар жеңсе, бірден тәуелсіздік жарияламақ екендерін мәлімдеп жатыр.

XS
SM
MD
LG