Accessibility links

Ақтөбеде фермерлер 158 миллион теңге субсидиясын ала алмаған


Мемлекеттен уәделі субсидияны ала алмай жүргендеріне шағым айтып Ақтөбеге келген жергілікті фермерлер. 5 мамыр 2017 жыл.
Мемлекеттен уәделі субсидияны ала алмай жүргендеріне шағым айтып Ақтөбеге келген жергілікті фермерлер. 5 мамыр 2017 жыл.

Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына берілген жеңілдетілген несие субсидиясы үшін ақтөбелік фермерлерге 158 миллион теңге қарыз. Бүгін облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Құсайын Сәрсембай "бұған дейінгі қарыз 395 миллион теңгенің 237 миллион теңгесі төленгенін" айтты.

- Биыл бізге 237 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл 2017 жыл үшін берілген қаржы. Алайда біз оны 2016 жылдың қарызы үшін төледік. Бүгінгі таңда облыста 2016 жылдың субсидиясын ала алмай жүрген төрт-бес шаруашылық қана қалды. Олар - несиені уақытылы төлемегендер, - дейді Құсайын Сәрсембай.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жуық арада ауыл шаруашылығы министрлігінен Ақтөбе облысына қосымша 395 миллион теңге бөлінуі тиіс. Құсайын Сәрсембай "Ол қаржымен 2016-2017 жылдардың барлық берешегінен толық құтыламыз" дейді.

Өткен көктемде Ақтөбедегі елу шақты шаруашылықтың қожайыны облыс орталығына жиналып, өздеріне тиесілі субсидияларын ала алмай жүргендеріне наразылық білдірген болатын.

XS
SM
MD
LG