Accessibility links

Ақтөбелік фермерлер "7 пайыздық субсидияға" зар болып жүр


Мемлекеттен уәделі субсидияны ала алмай жүргендеріне шағым айтып Ақтөбеге келген жергілікті фермерлер. 5 мамыр 2017 жыл.

Кәсіптерін жүргізу үшін пайызы көп несие алған шаруалар "банкке төлейтін өсімнің жартысын өтеп береміз" деген жергілікті биліктің уәдесі әлі орындалмай жатқанын айтады.

Ақтөбелік фермер Қанат Сыздықов 2015 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы бойынша аграрлық несие корпорациясынан 7 миллион теңге несие алған.

- Келісімшартқа қол қояр алдында [өсімі] 14 пайыз деп жазылғанын көрдім. "Мыналарың не? Мұндай қымбат несиені кез келген банк береді ғой!" деп едім, қор операторы: "Аға, алаңдамаңыз. Біз бұл құжаттарды ауыл шаруашылық басқармасына жолдаймыз. Олар сізге 7 пайызын субсидия етіп қайтарады" деді. Салып ұрып ауыл шаруашылық басқармасына бардым, аудандық әкімдікке де хабарластым. Бәрі де "7 пайызын қайтарамыз" деген болатын. Содан бері екі жыл өтті, әлі жоқ, – дейді ол.

Ақтөбелік фермер Қанат Сыздықов. 5 мамыр 2017 жыл.
Ақтөбелік фермер Қанат Сыздықов. 5 мамыр 2017 жыл.

Уәделі қаржысын ала алмаған шаруа "Ақтөбе қаласы мен Байғанин ауданындағы Сартоғай ауылының арасын жол қылғанын" айтады.

- Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Ақтөбеге келген сайын соғамын, арнайылап та келіп жүрмін. "Болады, болады" деп алдарқатып шығарып салады, - дейді Қанат Сыздықов.

Жиырма жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын Қанат Сыздықов 2015 жылы несиеге алған 7 миллион теңгесіне 36 бас сиыр сатып алып, қазір оны 100-ге жеткізгенін айтады.

- Мал бағу оңай емес. Бейнеті көп. Таза пайда табу үшін ең кемі бес жыл тер төгесің. Осы аралықта мал азығы, малшылардың жалақысы, ас-суы бар. Бәрі де есептеулі нәрсе емес пе? Келісімшартқа қол қойып қойған соң банк те әй-шәйге қарамайды. Несиені қалайда төлеуің керек. Амалсыздан төледік, - дейді ол.

ВИДЕО: Уәделі субсидияны күтіп жүрген фермерлер

"БАСҚАРМА АЛДАРҚАТУМЕН КЕЛЕДІ"

Ақтөбе облысында несие алған кезде әкімшілік уәде еткен субсидияға жете алмай жүрген фермер Қанат Сыздықов қана емес. Ол сияқты шаруалар бір-бірімен телефонмен мұңдасып, ақылдаса келе облыс орталығында жиналуға келіскен. Мамырдың 5-і күні өңірдің әр жерінен келген отыз шақты фермер Ақтөбенің Жұбановтар көшесіндегі аллеяға жиналды. Олар да 2015 жылдан бері уәделі субсидияны ала алмай жүргендерін айтып, наразылықтарын білдірді.

Фермерлердің сөзіне қарағанда, олар 2015-2016 жылдары ауыл шаруашылығын қолдайтын түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие алған. Оған бірі асыл тұқымды мал сатып алса, енді бірі ауыл шаруашылығы техникасын жаңартқан.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы "Мейірім" шаруа қожалығының басшысы Берік Қажекенов. 5 мамыр 2017 жыл.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы "Мейірім" шаруа қожалығының басшысы Берік Қажекенов. 5 мамыр 2017 жыл.

Сондай несиеге іліккен адамдардың бірі – Ойыл ауданындағы "Мейірім" шаруа қожалығының басшысы Берік Қажекенов

- 2015 жылы "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 10 миллион теңге несие алғанмын. Оны бізге 14 пайыздық өсіммен берді. Бірақ келісімшарт бойынша мемлекет есебінен бізге субсидия берілуі керек болатын. Екі жылдан бері берілген жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы "субсидия әне төленеді, міне төленеді" деп алдарқатумен келеді, - дейді ол.

Алға ауданындағы "Ескендір" шаруа қожалығының иесі Бектұрған Ідірісовтің айтуынша, ол 2015 жылы мемлекеттен 486 мың теңге субсидия алуы керек болған. Демеу қаржы кешіккендіктен фермер несиеге алған қаржысын өз күшімен қайтарған. Онысын шаруа "несие тарихым бүлінбесін, кейін банктер қарыз бермей қояр деп ойладым" деп түсіндірді.

Алға ауданындағы "Ескендір" шаруа қожалығының иесі Бектұрған Ідірісов. Ақтөбе, 5 мамыр 2017 жыл.
Алға ауданындағы "Ескендір" шаруа қожалығының иесі Бектұрған Ідірісов. Ақтөбе, 5 мамыр 2017 жыл.

Бектұрған Ідірісов Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан бастап Қазақстан бас прокуратурасына дейін арызданғанын айтады. Былтыр желтоқсан айында бас прокуратура фермерге "жағдайды бақылауда ұстап отырмыз" деп қана жауап берген.

Мемлекет есебінен берілетін демеу қаржыға қол жеткізе алмай жүрген шаруалар көктемгі егіс қарсаңында қаржыдан қиналып қалғандарын айтады. "Арамызда банк алдындағы миллиондаған борышын төлей алмай, қарызданып жүргендері де бар" деседі олар.

"ҚАРЫЗДЫ ЖЕЛТОҚСАНҒА ДЕЙІН ӨТЕП БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК"

Шаруалардың наразылығы туралы естіген Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы сол күні түстен кейін іле-шала баспасөз мәслихатын өткізді. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Құсайын Сәрсембайдың сөзінше, шаруаларға субсидия төленеді.

- Субсидия, лизинг мәселесімен 2016 жылға дейін ауыл шаруашылығы министрлігі айналысты. Былтыр бізге міндеттеді де, ережеге өзгерістер енгізілді. Түсінбеушілік осы тұстан басталды, - дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 20 мамырға дейін 206 миллион теңге беруге уәде етіп отыр. Бұл - 2016 жылдың субсидиясы.

Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бұл іске 2016 жылға 142 миллион теңге бөлу қарастырылған.

- Бірақ бұл қаржы жетпей қалды. Енді ауыл шаруашылығы министрлігі мамыр айының 20-сына дейін 206 миллион теңге беруге уәде етіп отыр. Бұл – 2016 жылдың субсидиясы. Ал 2015, 2017 жылдың қарызын биыл жыл соңына дейін толық жабамыз. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржы сұраймыз. Мүмкін, ішкі бағдарламалардан ауысып қалар, облыстық бюджеттен алармыз – әйтеуір желтоқсан айына дейін қарызды толық өтеп болуымыз керек, - деді Құсайын Сәрсембай.

Бірақ Алға ауданынан келген фермер Руслан Сүйіншалиннің "Несиені уақытында төлей алмағанымыз үшін салынған айыппұл мен пеняны кім төлейді?" деген сауалы жауапсыз қалды.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, мемлекет ауыл шаруашылығы саласына берілген жеңілдетілген несие субсидиясы үшін ақтөбелік фермерлерге 394 миллион теңге қарыз. Аймақта 2015 жылдан бері 50 шақты шаруашылық тиесілі субсидияларын ала алмай жүр.

XS
SM
MD
LG