Accessibility links

Харькова "сот үкіміндегі заңсыздықтар" туралы айтты 


Қазақстан сотының шешімімен жабылған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.
Қазақстан сотының шешімімен жабылған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының сот алқасы билік шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі, "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырғаны" үшін бас бостандығы төрт жылға шектелген Лариса Харькованың апелляциялық шағымын қарауды жалғастырды.

Сот отырысына прокурор Айдар Жүнісбеков, сотталушы Лариса Харькова мен оның адвокаты Рашид Қырықбаев, жәбірленушілердің адвокаты Дәулет Байсейітов пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сот отырысында Лариса Харькова талап-тілек білдіріп, сотқа кәсіподақ жұмысын жетік білетін маманды және куәгерлерді шақыруды сұрады. Сот алқасы Харькованың талап-тілегін қанағаттандырмады.

Содан кейін сот алқасы Лариса Харьковаға қатысты Еңбекші аудандық соты шығарған үкімді талқылауды ұсынды. Сот алғашқы сөзді Харьковаға берді. Ол "қылмыстық іс қозғау арқылы тергеушілер мен прокурорлар заңсыз болса да кәсіподақ ісіне араласқанын" айтты.

"Тергеуші де, прокурор да кәсіподақ туралы заңнан хабарсыз екені сотта байқалды. Сол арқылы менің құқығым бұзылды" деді сотта бір сағаттан астам уақыт сөйлеген Лариса Харькова.

Шымкентте билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі, "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыпталған Лариса Харькова биыл шілденің 25-інде сотталған еді. Еңбекші аудандық соты 55 жастағы Харькованың бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған. Сотталушы істі "тапсырыспен қозғалған" деп біледі.

Харькова тәуелсіз кәсіподақ белсендісі, кәсіподақтар құқығын қорғаушы ретінде танылған еді. 2014 жылғы шілдеде Қазақстанда кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін жаңа ережеге сәйкес Лариса Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы қызметін доғарып, осы атаумен 2016 жылы ақпанда қайта құрылған. Кәсіподақ белсенділері конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. Бірақ Қазақстан билігі тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан. 2017 жылғы 4 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.

Конфедерация құрамына енетін Маңғыстау облысындағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен қаңтардың 5-інде Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын бастаған. Екі аптадан астам уақыт жалғасқан жаппай аштық акциясы ОСС кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев қамауға алынып, Ақтау соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарғаннан кейін тоқтатылды. Кейін Астана соты Нұрбек Құшақбаевқа "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандату" айыбымен үшін екі жарым жыл, Әмин Елеусіновке - "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру" және "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жыл түрме жазасын кескен.

XS
SM
MD
LG