Accessibility links

Әзербайжанда ондаған гейдің ұсталғаны хабарланды


Джавид Набиев, әзербайжандық Nefes ЛГБТ қоғамдастығының президенті.
Джавид Набиев, әзербайжандық Nefes ЛГБТ қоғамдастығының президенті.

Құқық қорғау ұйымдары мен белсенділер Әзербайжанда өткен екі аптада ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдеріне қарсы кампанияда ондаған адам қамалғанын хабарлап, оларды босатуға шақырды.

Әзербайжандық Nefes ЛГБТ қоғамдастығының президенті Джавид Набиев Facebook-те жариялаған видеосында полицияның ұсталғандарды 30 тәулікке дейін қамап, оларды гей және трансгендер таныстарының аты-жөнін және мекен-жайын айтуға мәжбүрлегенін айтады.

Набиев бұған дейін кейбір оңшыл саяси жетекшілердің гейлер мен трансгендерлерді "азғындық пен қауіпті аурулардың бастауы" және "Құдайдың қарғысына ұшыраған" деп айыптап, оларға қарсы қатаң шаралар қабылдауға шақырғанын айтқан.

Белсенділердің хабарлауынша, полицияның соңғы екі аптада Бакудегі үйлерде, метро станциялары мен ЛГБТ топтарына іш тартатын клубтарда жүргізген рейді кезінде кем дегенде 50 гей мен трансгендер ұсталған.

Швецияда орналасқан Civil Rights Defenders құқық қорғау ұйымы тұтқындалғандар саны жүзге жетіп қалуы мүмкін екенін хабарлады. Ұйым мәлімдемесінде тұтқындалғандардың көбі олардан гей және трансгендер таныстарының аты-жөні мен мекен-жайын біліп алған соң босатылғаны айтылады.

Әзербайжан ішкі істер министрлігі полиция "жыныстық азшылық өкілдеріне" қарсы әрекет жасады және олардың құқығына қол сұқты деген ақпаратты терістеді. Министрлік ЛГБТ өкілдерінің жезөкшелікпен күрес операциясы аясында ғана ұсталғанын айтады. "Елімізде жыныстық азшылық өкілдері ешқашан қуғынға ұшыраған емес, Бірақ бұл олар заңсыз әрекеті үшін жауапкершілікке тартылмайды деген сөз емес" делінген министрлік мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG