Accessibility links

Қырғызстанның Таласында Өмірбек Бабановтың жақтастары шеруге шықты


Қырғыз президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың жақтастары митингі өткізіп жатыр. Талас қаласы, Қырғызстан, 1 қазан 2017 жыл.
Қырғыз президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың жақтастары митингі өткізіп жатыр. Талас қаласы, Қырғызстан, 1 қазан 2017 жыл.

Бүгін Қырғызстанның Талас қаласында ел президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановтың жақтастары митингі өткізіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Олар жиынға биліктің "таза сайлау өткізуін", "халық таңдауына бөгет қоймауын" және "әкімшілік ресурстарды пайдаланбауын" талап еткен жазулар ұстап шыққан.

Ұйымдастырушылар шеруге 500-ге жуық адам жиналғанын айтады. Құқық органдары өкілдері шараға қатысушылар саны туралы мәлімет бермеді. Жиналғандар алдында сөйлеген парламенттегі "Республика - Ата Жұрт" фракциясының депутаты Кенжебек Бокоев сайлау қарсаңында сайлаушылармен осындай кездесулер өтетіні туралы айтқан. Жиында сөз алған кей адамдар билікке таза сайлау өткізу жайлы талаппен бірге Өмірбек Бабановты "қаралау доғарылсын" деген тілегін айтқан.

30 қыркүйекте Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Жогорку Кенештегі "Қырғызстан" фракциясының депутаты Қанатбек Исаев пен бірнеше адам бас прокуратура қозғаған қылмыстық іс аясында ұсталғаны туралы хабарлаған.

"Қылмыстық іс материалдары бойынша, президенттікке кандидат Өмірбек Бабановтың белсенді жақтасы Қанатбек Исаев ұйымдасқан қылмыстық топтардың өкілдерімен сөз байласып, Қырғызстан президенті сайлауы кезінде және одан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және кейін билікті күшпен басып алу мақсатымен жастарды, соған қоса ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін іріктеп, ақша беріп, дайындаған, оларды дауыс беру нәтижесі бұрмаланды дегенді желеу етіп заңсыз акцияларға пайдаланбақшы болған", - делінген мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарламасында.

Өмірбек Бабанов 28 қыркүйекте Оштағы "Әмір Темір" шағын ауданында сайлаушылармен кездесуде сөйлегеннен кейін интернет арқылы тараған оның сөзінің үзіндісі қоғамда түрлі пікір туғызған. Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі оны "арандату" деп бағалаған.

Бабановтың сайлау штабы президенттікке кандидаттың Оштағы сөйлегені деп әлеуметтік желіде тараған видео - қолдан құрастырылған, "жалған" өнім деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG