Accessibility links

Қазақстан ААФ жарыстан шеттету шешіміне түсінік берді


Қазақстандық ауыр атлет Карина Горичева 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейро олимпиадасы ойындарында (Көрнекі сурет).
Қазақстандық ауыр атлет Карина Горичева 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейро олимпиадасы ойындарында (Көрнекі сурет).

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) атқару комитеті 30 қыркүйекте Бухаресте Қазақстан бар, тоғыз ұлттық құрама команданы жарысқа қатысудан бір жылға шеттету туралы шешімді бірауыздан қолдады.

2016 жылы 22-24 маусымда Тбилисиде Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) атқару комитетінің конгресі мен отырысы өткен. IWF бұл жиында спортшылары 2008 жылғы Пекин олимпиадасы мен 2012 жылғы Лондон олимпиадасында допинг қолданған ұлттық федерацияларға қарсы жаңа шараларын жариялаған. Жиында үш немесе одан да көп спортшылары допингке қарсы заңды бұзған елдерді жарыстан бір жылға шеттету туралы шешім қабылданған.

Бұл бойынша ақырғы шешім IWF атқару комитетінің 30 қыркүйек - 1 қазан аралығында Румыния астанасы Бухаресте өткен кезектен тыс жиынында қабылданды. IWF-тің хабарлауынша, бұл тыйым Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Молдова, Ресей, Түркия және Украина ұлттық құрамаларына да қатысты. Бұл елдердің құрама командалары 28 қарашадан 5 желтоқсанға дейін АҚШ-тың Анахайм қаласында өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатына қатыстырылмайды деп күтіліп отыр.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының (ААФ) бұған байланысты 1 қазанда таратқан мәлімдемесінде Қазақстан құрамасы бір жылға жарыстардан шеттетілетіні, бұл шешім арнайы комиссияның ұйғарымы бойынша бұдан ерте жойылуы мүмкін екені айтылады.

"Қазақстан федерациясы бұл мәселе қаралған барлық кезеңде мұндай санкция қолданбай-ақ қоюға бірнеше негіз барын айтып келді. Федерацияның басқарушы құрамы толық ауысты, допингке қарсы саясат қатаңдатылып, жұмыс жетілдірілді. Мұның қорытындысында 2016 және 2017 жылдары қазақстандық атлеттерден тыйым салынған препараттар табылған жоқ. Қазақстан делегациясы бұл ақпараттарды IWF атқару комитетіне берд " делінген ААФ мәлімдемесінде.

ААФ сонымен қатар "тәртіптік шаралардың Қазақстан жастар құрамасына да қолданылмауына күш салып, ал Қазақстан өкілдері мен федерация IWF басқарушы органдары мен Азия федерациясында жұмыс істеп жатқанын айиады.

Ресми ақпарат бойынша, жарыстардан шеттету мен тиісті шарттарды орындау туралы ескерту тоғыз ұлттық құрама командаға осы айдың ортасында жіберілмек.

XS
SM
MD
LG