Accessibility links

Лас-Вегас шабуылын "ИМ мойнына алды"


Лас-Вегастағы шабуыл орны. 2 қазан 2017 жыл
Лас-Вегастағы шабуыл орны. 2 қазан 2017 жыл

"Ислам мемлекеті" діни ультра-радикалдар тобы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында болған қырғынды мойнына алып, өздері ұйымдастырғанын мәлімдеді. 1 қазан күні кешкісін жасалған қарулы қастандықтан 50-ден астам адам өліп, 400-ден астамы жараланған. Экстремистік топтың мәлімдеуінше, 64 жастағы шабуыл жасаушы жергілікті зейнеткер "бірнеше ай бұрын мұсылмандықты қабылдаған".

Таяу Шығыстағы радикал джихадшылардың "Әл-Ғамақ" ақпарат құралы: "Лас-Вегастағы шабуылды "Ислам мемлекетінің" сарбазы коалиция елдерін нысанаға алу туралы жарлыққа үн қосу ретінде жасады" деп мәлімдеді.

АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан кантри музыкасы фестиваліне жиналған жұртқа бір ер адам автоматтан оқ атып, ондаған адамды мерт қылған, жүздеген жанды жаралаған. Полицияның дүйсенбі күні жариялаған ресми мәліметіне сәйкес, бұл шабуыл АҚШ тарихындағы ең ірі қастандық болып шығады.

Лас-Вегас полициясы Стивен Пэддок есімді 64 жастағы жергілікті зейнеткердің Mandalay Bay қонақ үйінің 32-қабатының терезесінен күтпеген жерден қарудан оқ жаудырғанын айтты. Шабуылшыны оқиға орнына жеткен арнайы қызмет сарбазы атып өлтірген. Пэддок түскен қонақ үй бөлмесінен қару-жарақтың бірнеше түрі табылған.

XS
SM
MD
LG