Accessibility links

Өзбекстанда саяси тұтқын Азам Фармонов босатылды


Азам Фармонов, 10 жылдан астам уақыт түрмеде отырған өзбек құқық қорғаушысы.
Азам Фармонов, 10 жылдан астам уақыт түрмеде отырған өзбек құқық қорғаушысы.

Өзбекстан билігі 3 қазанда түрмеде он жылдан астам уақыт отырған құқық қорғаушы Азам Фармоновты бостандыққа шығарды. Фармоновқа кесілген жаза бойынша, ол абақтыда әлі төрт жыл отыруы тиіс болған. Құқық қорғаушының түрмеден босатылғанын әйелі Озода Якубова хабарлады.

Былтыр штаб пәтері Берлинде орналасқан "Өзбек-герман форумы" ұйымы Фармонов жайында фильм түсірген. Онда Озода Якубова күйеуінің түрмедегі қасіретті өмірі жайында айтқан.

Азам Фармонов он жылдан астам Қарақалпақстанның "Жаслык" колониясында отырды. Осы жылдар арасында оған бірде-бір рақымшылық жасалмады.

Азам Фармонов БҰҰ-ның дін және сенім бостандығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Ахмед Шахид Өзбекстанға барған соң босатылып отыр. БҰҰ өкілінің сапары 12 қазанға дейін жалғасады.

39 жастағы Азам Фармонов "бопсалаушылықпен айналысты" деген айыппен сотталған. 2006 жылы Өзбекстан соты оны тоғыз жарым жылға түрмеге жапқан. Құқық қорғаушылар оған қатысты істің саяси астары бар екенін мәлімдеген. 2016 жылдың мамыр айында жазасын өтеу мерзімі аяқталар алдында, Азам Фармоновқа тағы да 5 жыл және 26 күн түрмеде отыру жазасы кесілген.

XS
SM
MD
LG