Ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың сайлауалды штабының басшысы Леонид Волков тағы да 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Мәскеудің Преображенский аудандық соты 6 қазанға қараған түні Волковты жұртты рұқсат берілмеген көпшілік шараларға қатысуға шақырды деп айыптап, 20 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды.
Волков осы аптада 20 тәулік әкімшілік қамауға алынып, бірақ 5 қазанда Мәскеу қалалық сотының шешімімен босатылған, ал оның ісі қайтадан қарауға жіберілген болатын. Мәскеу қалалық сотының кеңсесінде оны тұтқындап, сотқа жіберген. Волков интернетте 7 қазанда әкімшілік қамауда отырған Алексей Навальныйды қолдау акциясына келуге шақырғаны үшін айыптады.
Волков бұған дейін 29 қыркүйекте Нижний Новгородта ұсталған. Ол кезде Мәскеуде Алексей Навальный қатар ұсталған. 2 қазанда Мәскеу соты оппозиционерлердің әрқайсысын 20 тәулікке қамаған. Волков қамалған соң қарсылық танытып, аштық жариялаған. Навальный жақтастарын 7 қазанда қарсылық митингісіне шығуға шақырған.
Ресейдің бірнеше қалаларының билігі 7 қазандағы акцияны заңсыз деп танып үлгерді. Мәскеу мэриясы митинг өткізуге рұқсат сұраған бес өтінішті әлдебір "объективті себептерге" байланысты қанағаттандырмай тастаған.