Accessibility links

Ресейлік журналист Анна Политковскаяның қазасына 11 жыл толды


Журналист Анна Политковская. 21 ақпан 2001 жыл.
Журналист Анна Политковская. 21 ақпан 2001 жыл.

Ресейлік журналист Анна Политковскаяның қастандықпен өлтірілгеніне бүгін 11 жыл толды. Ресейде шығатын "Новая газета" басылымының шолушысы болып істеген журналисті 2006 жылы қазанның 7-і күні Мәскеудегі үйіне кіре берісте атып өлтіріп кеткен еді.

2014 жылдың маусымында Ресей соты журналистің қазасына айыпты деп танылған Шешенстан тумалары Лом-Али Гайтукаев пен Рустам Махмудовқа өмірлік түрме жазасын кескен. Осы іс бойынша жауапқа тартылған тағы үш адам – бұрынғы полиция қызметкері Сергей Хаджикурбанов пен ағайынды Ибрагим және Жабрайыл Махмудовтарға 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалған. Биыл маусымда Лом-Али Гайтукаевтың түрмеде қайтыс болғаны хабарланды.

Полтиковскаяның отбасы мен әріптестері журналисті өлтіруге тапсырыс бергендер әлі күнге дейін жазаға тартылған жоқ деп санайды.

"Бүгін, 11 жыл өткенде, Анна Полтиковскаяның қазасы ашылған жоқ деп бұрынғысынша толық сеніммен айтуға болады. Ол жақын жылдары да, алыс болашақта да ашылмайды. Бұл – құқық қорғау жүйесінің қауқарсыздығынан емес. Бұл – саясат" деп жазды сенбі күні журналистің қазасы туралы ол жұмыс істеген "Новая газета" басылымы.

Анна Политковская 1999-2000 жылдары Шешенстандағы соғыс болып жатқан аудандарға бірнеше рет барған. Журналист мақалаларында Шешенстандағы кремльшіл биліктің адам құқығын бұзу істерін әшкерелеп, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты қатты сынға алған. Ол сонымен бірге Мәскеудегі тұрғын үйлердегі жарылыстар мен Дубровкадағы театрда кепілге алынғандар қазасына қатысты ашық тергеу жүргізуді талап еткен. Шешенстандағы жағдай туралы мақалалары үшін Анна Политковская 2000 жылы "Ресейдің алтын қаламы" сыйлығымен марапатталған. "Жазалау келісімі" атты соңғы мақаласында журналист Ресей федералдық күштері жағында соғысып жүрген шешенстандық жасақтар туралы жазған.

Бүгін Ресейде әріптестері, құқыққорғаушылар мен белсенділер журналист Анна Политковскаяны еске алу шараларын өткізеді.

Журналист Анна Политковская туралы видео (орыс тілінде):

XS
SM
MD
LG