Accessibility links

Нартай Дүтбаевтың туысы қамалғаны хабарланды


Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.
Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.

Астана соты Рүстембек Дүтбаевты екі айға қамаған деп хабарлады қалалық сотқа сілтеме жасаған Tengrinews.kz сайты.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Есіл аудандық соты күдікті Рүстембек Дүтбаевты 27 қарашаға дейін қамау туралы санкцияны 28 қыркүйекте шығарған. Сот Рүстембек Дүтбаевтың қандай күдікке ілінгенін айтпаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, биыл 24 тамызда "мемлекеттік құпияны жариялау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" айыптары бойынша жеті жарым жылға сотталған Нартай Дүтбаевтің әйелі Халида Бичурина 28 қыркүйекте күйеуінің інісі Рүстембек Дүтбаевтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатын.

Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап жариялаған видео үндеуінде Бичурина ҰҚК күйеуін "күйеубаласы мен ағасының баласын қудалаудан құтқару үшін жасамаған қылмысын мойнына алуға мәжбүрлегенін" айтқан.

"ҰҚК айтқан сөзінде тұрмады. Олар дәлелді қолдан жасап, еш кінәсі жоқ жастарды арсыздықпен соттады. Бұдан соң Нартай балаларды құтқару үшін ғана кінәні мойнына алатыны туралы қысым арқылы берген жауаптарынан бас тартты" деген Халида Бичурина.

Ол жиені мен күйеубаласын соттау "күткендегідей нәтиже" бермегендіктен, келесі "ықпал ету тетігі" ретінде биыл 28 қыркүйекте Нартай Дүтбаевтың інісі Рүстембек Дүтбаевтің ұсталғанын айтқан.

56 жастағы інісі Рүстембек Нұртаевтың тұтқындалғаны туралы Нартай Дүтбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатында да айтылады. Бичурина ол хатты Facebook-тегі парақшасына салған. Дүтбаев онда президентке екінші қайтара қайырылуына өзі мен інісіне қарсы қозғалған, "2000 және 2004 жылдары жасалды делінген, ойдан құрастырылған тағы бір қылмыстық іс" себеп болғанын айтады. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы тергеу органдары Рүстембек Нұртаевты қылмыстық қудалаудан босату үшін өзіне алғашқы іс бойынша кінәсін мойнына алуды талап етіп отырғанын мәлімдеген.

Ақмола гарнизонының әскери соты биыл 24 тамызда Нартай Дүтбаев пен оның екі туысы - күйеубаласы Нұрлан Хасен мен ағасының баласы Ерлан Нұртаев және Раис Мұратовты "мемлекеттік құпияны жариялау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" айыптары бойынша ұзақ мерзімге соттаған.

Дүтбаевтың туыстары 5 қазанда Азаттыққа үкімге апелляциялық шағым берілгендіктен заңды күшіне енбегенін хабарлаған.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды, аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.

XS
SM
MD
LG