Accessibility links

Қырғызстан: Қазақстанмен шекарадағы үш бекеттен өту қиындады


"Ақ Жол" және "Қордай" өткізу бекеттері арасындағы Қырғызстаннан Қазақстанға қарайғы көрініс. 11 қазан 2017 жыл.
"Ақ Жол" және "Қордай" өткізу бекеттері арасындағы Қырғызстаннан Қазақстанға қарайғы көрініс. 11 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан азаматтарының Қазақстанмен шекарадағы үш шекара бекеті - Талас облысындағы "Чон-Капка", Шу облысындағы "Ақ-Жол" және "Ақ-Тілек" өткізу пунктерінен өтуі қиындады. Бұл туралы Қырғызстан шекара қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады. Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, жағдай 10 қазанның кешінен бері өзгермей тұр. Шекарада кісі қарасы мен көлік саны көбейген. Қазақстан билігі жағдайға ресми түрде түсінік бермей отыр.

Шекарадан өтудің қиындағанын куәгерлер де хабарлап жатыр. "Чон-Капка" бекетіне сейсенбі күні (10 қазан - ред) сағат 9-да бардық, күндізгі екіге дейін тұрып, сол күйі өте алмадық. Кейін онда жіті тексеріп, әр жарты сағатта бір ғана көлікті өткізгенін естідік" деді Азаттыққа Талас қаласының тұрғыны Бурулкан Бейшеналиева.

11 қазанда Қырғызстан шекара қызметі Қазақстанның шекарадан "күшейтілген тәртіпте" өткізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар мемлекеттік шекара қызметі де 10 қазан күнгі сағат 20-ден бері "президент сайлауына дайындық пен оны өткізу уақытында" күшейтілген тәртіпке көшкен. Мемлекеттік шекара қызметі бірақ Қырғызстан жағынан шекаралық тексеруден өтерде шектеу жоғын айтады.

10 қазан күні кешке әлеуметтік желі қолданушылары "Қордай" тексеру және өткізу бекетінде тәртіп күшейтілген болуы мүмкін екенін хабарлаған. Қолданушылардың хабарлауынша, адамдар кезекте сағаттап тұрған, жүк көліктері мұқият тексеріліп жатыр. Кезекте тұрған кейбір кісілер тексерудің күшейгенін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан басшылығына қарата сын айтқанымен байланыстырады.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 7 қазанда Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған. Атамбаев көршілес елдің басшылығы мен олигархтары Қырғызстандағы сайлауға килігіп отырғанын мәлімдеп, Қазақстанның кейбір ресми тұлғалары Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің отбасына қолдайды деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG