Жұманың кешінде Шымкент қаласындағы Kaspi bank бөлімшесін тонап, ірі көлемде ақша алып кеткен белгісіз адамды полиция іздестіріп жатыр деп хабарлайды Tengrinews агенттігі.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ақпаратында қылмыс 13 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:40 кезінде жасалғаны айтылған.
"Банк қызметкерлерінің айтуынша, бетперде киген белгісіз біреу банк бөлімшесінің ішіне тастаған заттан түтін жайылған. Әлгі адам балтамен қорқытып, ақша талап еткен. Ол адам банк кассасынан 16 милион теңге, 23 мың АҚШ доллары және 8500 ресейлік рубль алып кеткен. Банк қызметкерлерінің бірі "дабыл түймесін" басып белгі бергенімен әлгі күдікті із жасырып үлгерген" деп хабарлайды полиция.
Шымкенттің әл-Фараби аудандық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің "қарулы қарақшылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастаған. Құқық органдары қылмыскерді іздестіріп жатыр.