Accessibility links

Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы тыныштық күні орнады


Қырғызстан президент сайлауы күні туралы жарнаманың алдынан өтіп бара жатқан адам. Бішкек маңындағы Қызыл бірлік ауылы. 12 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президент сайлауы күні туралы жарнаманың алдынан өтіп бара жатқан адам. Бішкек маңындағы Қызыл бірлік ауылы. 12 қазан 2017 жыл.

Қырғызстанда бүгін кезекті президент сайлауы алдында "тыныштық күні" орнады. Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға бір күн қалғанда кандидаттардың үгіт кампаниясы тоқтайды. Орталық сайлау комиссиясынан науқан кезінде үгіт жүргізуге рұқсат алған бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет басылымдарына бұл күні үгіт-насихатпен айналысуға тыйым салынады.

Орталық сайлау комиссиясы тыныштық күні сайлау туралы заңның талабын бұзғандарға шара қолдануға құқылы.

Қырғызстан бойынша барлығы 2375 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Шет мемлекеттерде 37 сайлау учаскесі ашылады. Ресейде алты сайлау учаскесі, Германияда – 3, Қазақстан, Түркия, Қытай және Біріккен Араб әмірліктерінде – екіден.

Қырғызстан мемлекеттік тіркеу комитетінің мәліметі бойынша, елдің 3 миллион 25 мың 768 азаматы бұл жолғы сайлауға дауыс беру құқығына ие. Соның ішінде 2 миллион 908 мың 453 адам елде болса, 18 мыңнан астам қырғызстандық шетелде тұрады.

Қырғызстандағы президент сайлауына 58 елден 700-ден астам бақылаушы қатысады. Қазақстан бұл сайлауға бақылаушы жіберуден бас тартқан. Оның себебін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 7 қазанда Қазақстан билігін "елдегі сайлауға ықпал еткісі келеді" деп айыптаған мәлімдемесімен байланыстырған.

Оқыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты

Қырғызстандағы президент сайлауына дауыс беру барысы жайлы жергілікті журналистермен қоса 35 шетелдік БАҚ өкілдері хабар таратпақ.

XS
SM
MD
LG