Accessibility links

Киркукта Ирак пен Күрдістан әскері тақасып тұр


Күрдтердің Пешмерга жасағына қарсы кетіп бара жатқан Ирак жасақтары. Киркук мағы, 14 қазан 2017 жыл.

Киркук провинциясында Ирак пен күрдтердің Пешмерга әскері бір-бірімен тақасып тұр.

Ақпараттарға қарағанда, күрд әскерилері Киркуктен шегініп кету туралы Ирак жасақтарының талабын орындамаған. Киркук - Ирактағы мұнайға бай өлке. Ирак жасақтарының шегіну туралы талабын күрд әскерінің орындамағанын Reuters-ке Күрдістан қауіпсіздік қызметінің ресми өкілі хабарлаған.

Оның сөзінше, күрдтердің Пешмерга әскеріне Ирак жасақтары бүгін түнде Мактаб Халид қиылысынан шегініп кету туралы талап қойған. Шенеуніктің сөзінше, ол қиылыстан авиабаза мен Киркук өлкесіндегі бірнеше мұнай кенішіне баратын жолдар өтеді. Ал Киркук қаласы мен оның маңайындағы мұнай кеніштері күрдтердің бақылауында. Пешмерга жасақтары Күрдістанмен іргелес жатқан Киркук қаласы маңына 2014 жылы Ирак армиясы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы (ИМ) содырларының шабуылына тойтарыс бере алмай шегінген кезде келіп бекінген. Күрд жасақтары мұндағы мұнай кеніштерінің ИМ содырларының қолына өтіп кетуіне жол бермей, оларды аман алып қалған қалған еді.

Ирак жасақтары белгілеген уақыт өткеннен кейін қандай да бір қақтығыс болмаған. Алайда аймақ тұрғындары күрд жауынгерлерінің Киркук қаласының маңайына пулеметтермен бекініп жатқанын айтады.

AFP ақпарат агенттігінің тілшісі, Киркук өзенінің бойына Ирак әскери техникасы шоғырланып жатқанын байқаған. Өзеннің қарсы бетінен күрдтердің жойғыш ұшақтары көрінген. Пешмерга командирлерінің бірі "күрд әскерінің кез келген шабуылға тойтарыс беруге әзір екенін", тек "бас штаб бұйрығын күтіп отырғанын" мәлімдеген.

Ирактың солтүстігінде орналасқан Күрдістан мен Ирактағы орталық үкімет күрдтер тәуелсіздігі туралы қыркүйекте өткен референдумнан бері араздасып қалған. Күрдістан билігі Ирактың қоқан-лоқысына тойтарыс беру үшін Киркукке мыңдаған жауынгер жібергенін мәлімдеген.

Ал Ирак премьер-министрі Хайдер аль-Абади орталық үкіметтің күрдтерге шабуыл жасау жоспары жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, "Киркуктегі күрдтермен тақасып отырған шиит жасақтары Ирактың тұрақты армиясына жатпайды".

Алайда, Ирактың орталық үкіметі қыркүйекте өткен күрдтер тәуелсіздігі туралы референдумнан бері Күрдістаннан шығатын халықаралық рейстерді бөгеп, аймақты оқшаулап тастауға тырысып отыр.

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG