Accessibility links

AFP: Киркук маңында Ирак пен Күрдістан әскері атысқан


Киркук маңындағы Рашад қаласына бекініп жатқан Ирак әскері. 13 қазан 2017 жыл.
Киркук маңындағы Рашад қаласына бекініп жатқан Ирак әскері. 13 қазан 2017 жыл.

Ирактың Киркук қаласы маңында Ирак әскері мен күрдтердің пешмерга жасақтары бір-біріне артиллериядан оқ атты. Бұл туралы аты-жөнін атамаған Ирак әскерилері мен пешмерга жасақтарының командирлеріне сілтеме жасаған France Press агенттігі (AFP) хабарлады.

Ирак әскери дереккөздері Киркук маңында екі тарап бір-біріне "Катюша" зениттік кешенінен оқ атқанын хабарлады. Екі тараптың әскері 15 қазаннан бері Киркук маңында бір-бірімен тақасып тұр.

Ақпараттарға қарағанда, күрд әскерилері Киркуктен шегініп кету туралы Ирак жасақтарының талабын орындамаған. Киркук - Ирактағы мұнайға бай өлке.

Бұған дейін Reuters агенттігі Күрдістан қауіпсіздік қызметінің ресми өкіліне сілтеме жасап, Ирак жасақтарының шегіну туралы талабын күрд әскерінің орындамағанын хабарлаған.

Оның сөзінше, күрдтердің Пешмерга әскеріне Ирак жасақтары 15 қазан түнде Мактаб Халид қиылысынан шегініп кету туралы талап қойған. Шенеуніктің сөзінше, ол қиылыстан авиабаза мен Киркук өлкесіндегі бірнеше мұнай кенішіне баратын жолдар өтеді. Ал Киркук қаласы мен оның маңайындағы мұнай кеніштері күрдтердің бақылауында. Пешмерга жасақтары Күрдістанмен іргелес жатқан Киркук қаласы маңына 2014 жылы Ирак армиясы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы (ИМ) содырларының шабуылына тойтарыс бере алмай шегінген кезде келіп бекінген. Күрд жасақтары мұндағы мұнай кеніштерінің ИМ содырларының қолына өтіп кетуіне жол бермей, оларды аман алып қалған қалған еді.

Ирактың солтүстігінде орналасқан Күрдістан мен Ирактағы орталық үкімет күрдтер тәуелсіздігі туралы қыркүйекте өткен референдумнан бері араздасып қалған. Күрдістан билігі Ирактың қоқан-лоқысына тойтарыс беру үшін Киркукке мыңдаған жауынгер жібергенін мәлімдеген.

АҚШ пен Батыс елдері, БҰҰ Күрдістан референдумына "Ирактың трақтылығына қатер төндіреді және "ИМ-мен соғысқа кедергі келтіреді" деп қарсы шыққан. Өз территорияларында біраз күрд диаспорасы тұратын Түркия мен Иран да референдумға қарсы болған.

XS
SM
MD
LG