Астананың Сарыарқа аудандық 2-сотында бүгін азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның ісі бойынша ашық процесс басталды. Белсендіге екі жәбірленушіге қатысты "ірі көлемдегі қаржы алаяқтығын жасаған" деген айып тағылған. Істі қарап отырған судья Біржан Төрегелді Азаттық тілшісіне сот залында өтетін барлық отырыстарда аудио жазуға тыйым салып, фотосуретке тек соттың басында және үкім шыққан кезде ғана түсіруге рұқсат етті. Бүгінгі сот отырысында Азаттықтан басқа БАҚ өкілдері болған жоқ.
Судья сот отырысының барысы аудиотаспаға жазылатынын айтып, Азаттық тілшісіне сотта естігенін қаламмен жазып алуға кеңес берді. Сотқа қатысқан бір жәбірленуші мен бүгінгі отырысқа келмеген екінші жәбірленушінің адвокаты да аудио жазуға қарсылық білдірді. Бұған қоса, әлгі адамдар қарсы болғаны себепті судья оларды фотоға түсіруге де тыйым салды. Алайда, оған дейін сотта істі қараудың алдында және соңында фотосуретке шектеусіз түсіруге рұқсат берді.
Айыптаушы тараптың адвокаты өз клиенті "мемлекеттік қызметші болғандықтан" және ол туралы әлеуметтік желілерде жағымсыз ақпарат тарағандықтан соттан істі жабық қарауды сұрады. Судья ол өтінішті 17 қазанда қарайтынын хабарлады.
Тергеу болжамы бойынша, Махамбет Әбжан Шымкент қаласының тұрғынын "егер бір миллион теңге салсаң, "Ата-Кент" тұрғын үй құрылыс кешенінен (ТҚК) үш бөлмелі пәтер алып бере аламын" деп айтып адастырған. Ақыр соңында, жәбірленуші 972 мың теңгеден көп материалдық зиян шеккен дейін полиция өкілдері. Бірақ кейін Әбжанның ісінде пайда болған тағы бір эпизод бойынша, ол Астанада екінші жәбірленушінің "сегіз мың АҚШ долларын иеленіп кеткен" (сол кездегі бағам бойынша 2,5 миллион теңгеден көп).
Белсендінің қорғаушысы Махамбет Әбжанға тағылған бұл айыптарды негізсіз деп атады.