Accessibility links

СІМ: Сирия бейбіт келіссөзінің келесі кезеңі 30-31 қазанда өтеді


Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің алтыншы раунды. 14-15 қыркүйек 2017 жыл.
Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің алтыншы раунды. 14-15 қыркүйек 2017 жыл.

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің жетінші раунды 30-31 қазанда өтетін болды деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ).

Министрлік ақпаратына қарағанда, жоғары деңгейде өтетін келіссөзде тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарланған. Тараптар сонымен қатар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастырып, Сирияда гуманитарлық минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдамақ ниетте.

ҚР СІМ ресми сайтынан хабарланғандай, Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыруымен аяқталған. Сондай-ақ, кездесуде Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылданған. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздің алтыншы раунды Астанада 14-15 қыркүйекте өткен. Онда Сирияның Идлиб провинциясында қауіпсіздік аймақтары құрылғаны жарияланған. Дегенмен, Сирия оппозициясы деэскалация аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ретінде Иранды қабылдаудан бас тартқан.

Ресей, Түркия және Иран Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөзде гарант елдер мәртебесін иеленген. Бұл келіссөз БҰҰ қатысатын Женевадағы бейбіт келіссөзден бөлек өтіп жатыр. Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асад үкіметін қолдайды. Түркия мен АҚШ түрлі бүлікшіл топтарға қолдау көрсетеді.

Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста 330 мың адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG