Accessibility links

ЕО Түркияға беретін қаржылай көмегін азайтпақ


Ангела Меркель, Германия канцлері. Брюссель, 20 қазан 2017жыл.
Ангела Меркель, Германия канцлері. Брюссель, 20 қазан 2017жыл.

Еуропа Одағының (ЕО) басшылары Анкараның "заң үстемдігін орнатып, адам құқығын қорғауда кері кете бастауына" байланысты Түркияға осы елдің одақ құрамына кіруіне дайындалуы үшін берілетін қаржылай көмекті азайтуға келісті. Бұл туралы ЕО елдерінің басшылары 20 қазанда мәлімдеді.

Брюссельде өтіп жатқан саммитте сөйлеген Германия канцлері Ангела Меркель Түркиядағы адам құқығы жағдайына "мүлдем көңілі толмайтынын", бірақ екі тарап арасында қандай да бір кикілжің болғанын қаламайтынын және "байланыс көпірін үзгісі келмейтінін" айтты.

Меркель Түркиямен келіссөзді жалғастыра беруге бейіл екенін және ЕО елдері арасында Түркиямен 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан одаққа мүше болу жөніндегі келіссөзді түпкілікті тоқтатуға қатысты ортақ шешім жоғын айтты.

Ангела Меркель бұған қоса ЕО-ның атқарушы билігі одақ елдері Түркияға ЕО-ға кіруіне көмек ретінде беруге келіскен қаржының 4.45 миллиард еуросын қысқарту туралы ұсынысқа қатысты жұмыс істейтінін жеткізді.

Австрия канцлері Кристиан Керн бұл жобаның "сәтсіз болғанын" айтты.

Меркель мен ЕО-ның өзге елдерінің басшылары Түркияны 2016 жылы жасалған келісім бойынша Еуропаға ағылған босқындар легін тоқтатуға көмектескені үшін мақтады. Ол келісім бойынша Түркия Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен ағылған босқындарды өзінде ұстап, есесіне Түркияның ЕО-ға қосылу жөніндегі келіссөз қарқыны үдейтін болған. Бұған қоса ЕО Түркияға босқындардың өмір сүруін қамтамасыз етуге деп қаржылай көмек беруге міндеттеме алған.

Бұл келісім жасалғаннан кейін Түркия президенті Режеп Ердоған елде "астыртын мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға қатысы бар" деген күдікпен 50 мыңнан астам адамды және бірнеше батыстық журналист пен құқық қорғаушыны тұтқындап, қудалай бастады.

XS
SM
MD
LG