Ауғанстанда жұма күні жасалған екі теракті құрбандарының саны 50 адамнан асты деп хабарлайды ақпарат агенттіктері. Шабуылдарға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы алған.
Қазанның 20-сы күні Кабулдың Дашт-и-Барчи ауданындағы "Имам Заман" мешітінде жанкешті әуелі жұма күнгі намазға жиналған жұртқа оқ атып, артынан өзін жарған. Терактіден 35 адам мерт болып, 40-тан астам адам жараланған.
Тағы бір жарылыс Гор уәлаятындағы мешітте жасалған. Шабуылдан қаза тапқандардың арасында "Жамиат" партиясының жергілікті жетекшісі де бар. Полиция қастандық ұйымдастырғандардың нысанасы сол болған деп санайды.
БҰҰ мәліметтері бойынша, жыл басынан бері шииттер мешіттері мен діни мерекелері кезінде жасалған шабуылдардан қаза болғандар саны 84 адамға жеткен, 194 адам жараланған.