Accessibility links

Семейдегі қарсылық акциясында сайлау жайлы талап та айтылды


Ертіс өзенінің үстінен салынған көпір. Семей. (Көрнекі сурет.)
Ертіс өзенінің үстінен салынған көпір. Семей. (Көрнекі сурет.)

Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында бүгін өткен қымбатшылыққа қарсы шеруге қатысушылар биліктен халықтың әл-ауқатын жақсартуды, егер ол қолынан келмесе билікті босатып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Жергілікті билік рұқсат еткен акцияны ұйымдастырушылардың бірі зейнеткер Шәкербану Мырзаханованың Азаттыққа айтуынша, митингіге оннан аса адам қатысқан. Қарсылық акциясында сөйлеген белсенділер шикізат қорына бай Қазақстанда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмен деңгейде қалып отырғанын, азық-түлік пен қызмет түрлері, жанармай бағасы қымбаттап, зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері аз екендігін айтып, наразылық білдірген. Сонымен бірге олар совет кезінде Семей ядролық полигонынан зардап шеккен аймақтағы тұрғындарға ай сайын әлеуметтік жәрдемақы төлеуді талап еткен.

Митингіде сөйлеген жергілікті белсенді Арсен Құдабаевтың пікірінше, билік халықтың мұң-мұқтажына назар аударуы тиіс.

"Бүгінгі митингінің мақсаты - лайықты өмір сүру құқығы үшін күресетін азаматтардың басын біріктіріп, олардың талап-тілегін билікке жеткізу. Жұрт азық-түлік, коммуналдық қызмет, жанармай бағасының қымбаттап жатқанына наразы, қазіргі билік оны тоқтатуға дәрменсіз болып отыр. Билік елдің талабына құлақ асып, әлеуметтік жағдайын жақсартатын іс-шараларды жүзеге асыруы тиіс. Ал қолынан келмесе, онда әділ сайлау өткізіп, өз өкілеттігінен бас тартуы керек", - деді Арсен Құдабаев.

Тағы бір белсенді Ерлан Ахметов Венесуэла мен Исландия тәрізді табиғи қоры, көлемі, географиялық жағдайы әртүрлі елдерді мысалға келтіріп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің сапасы сол мемлекетте адам құқығының қалай қорғалатындығы, қандай саяси режим орнағандығымен тікелей байланысты деп санайды.

Семейлік белсенді Фарит Ишмухаметов Қазақстан аграрлық мемлекеттен ет пен сүтті шеттен алатын елге айналып отырғанын айтты. "Мұнайға бай болсақ та, жанармай қымбат әрі тапшы. Мұнай бағымыз емес, сорымызға айналды. Жұрт қайыршыланып барады. Мұның бәріне халықтың өкілі болуы тиіс депутаттардың үнсіздігі де кесірін тигізіп отыр, іс жүзінде олар қазір халықтың өкілі емес. Халық билікті қайта сайлау керек. Бұлар егер өз еркімен кетпесе, ертең масқара боп кететін болады" деді ол.

Бұған дейін жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының жергілікті ұйымы мен білсенділер 21 қазанда Семейдің орталық алаңында митингі өткізуге рұқсат сұрап, қала әкіміне өтініш берген еді. Бірақ олар сұраған алаңда "жөндеу жұмыстары" жоспарланғанын алға тартқан қала әкімдігі бастамашыл топқа митингіні орталықтан қашық жерде – Полковничий аралында өткізуді ұсынған.

Наразылық акциясына қатысушы жергілікті белсенді Кенжебек Сұлтанбековтің Азаттыққа айтуынша, Полковничий аралына баратын көпірде бүгін таңертең шұғыл "жөндеу жұмыстары" басталған. "Көпір үстіне үлкен автокран қойылғандықтан аралға көлікпен жету мүмкін болмай қалды. Аралдағы митингіге адамдар жаяу баруға мәжбүр болды" деді ол.

Митингі соңында оған қатысушылар өздері көтерген мәселелерді билікке жеткізу үшін қарар қабылдаған.

Қымбатшылыққа қарсы митингі бас-аяғы бір сағаттай уақытқа созылған. Жергілікті белсенділердің айтуынша, бұл жыл басынан бері Семейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұқаралық наразылық акциясы. Бұған дейін өткен жылы Қазақстанның бірнеше аймағында, соның ішінде Семейде де "жер мәселесі" бойынша рұқсат етілмеген наразылық шерулері өткен.

Оқыңыз: "Жер шеруіне" шыққандарды жаппай ұстады
XS
SM
MD
LG