Accessibility links

Ресейде абақтыдан шыққан Навальный Астраханьға бармақ


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. 22 қазан 2017 жыл.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. 22 қазан 2017 жыл.

Ресейде рұқсат етілмеген наразылық акциясын ұйымдастырғаны үшін 20 күн әкімшілік қамауда болған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный бүгін бостандыққа шықты. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында хабарлап, суретін жариялады.

"20 тәуліктің ішінде 20 кітап оқыдым, қырғызша бірнеше сөзді үйрендім, 80 литр шай ішіп, радиодан "Дай мне слово ведь я тамада" әнін кемінде 60 рет тыңдадым. Жұмысқа дайынмын. Бүгін кешке Астраханьдағы шеруде сөйлеймін" деп жазған ол.

Ресейде жоғары биліктегі мемлекеттік шенеуніктердің коррупциялық іс-әрекеттерін әшкерелеп, оларға қарсы күресімен танылған Алексей Навальный 2018 жылы наурызда өтетін Ресей президенті сайлауына қатысу ниеті барын мәлімдеп, сайлауалды дайындық шараларына кірісіп кеткен. Бұған дейін ол Ресейдің бірнеше қаласында өзін қолдайтын тұрғындармен кездесулер өткізген.

Алайда маусым айында Ресей орталық сайлау комиссиясы Навальный қаржылай қылмыс жасаған деген айып тағылғаны себепті президенттік сайлауға түсе алмайды деп мәлімдеген. Өзіне қарсы істі билік ойдан шығарылған айып бойынша саяси себеппен қозғаған деп санайтын оппозициялық белсенді сайлауға түсу ниетінен қайтпайтынын айтқан.

17 қазанда Ресей орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Элла Памфилова Навальный тек 2028 жылдан кейін ғана президенттікке кандидат болып түсе алады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG