Accessibility links

Тұтқынның түрме басшылығына шағымы бойынша сот шешімі шықты


Петропавлдағы ЕС 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Севак Голумян сот залында отыр. Петропавл, 23 қазан 2017 жыл.

Петропавл қалалық соты ЕС 164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Севак Голумянның колония басшылығына қарсы шағымын ішінара қанағаттандырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы Севак Голумянға қазір шұғыл түрде ота жасау қажет. Жазасын өтеуші "мәселеге бей-жай қараған мекеме басшыларының әрекетсіз отырғанын" айтып, сотқа шағымданған.

Севак Голумянның бір аяғы кем болып өскен, қазір екінші топтағы мүгедек. Дәрігерлер аяғы толық өскеннен кейін ғана ота жасау мүмкін болатынын айтып келген. Ота жасайтын уақыт келгенде, Севак Голумян абақтыға қамалған. Қазір сотталушының жазасын өтеп жатқанына төрт жыл болды. Ол ауруы асқынып бара жатқандықтан, аяғынан мүлде айырылып қалудан қорқатын айтады.

- Маған қазір шұғыл түрде эндопротездеу бойынша ота жасау керек. Мен кез келген уақытта құлап қаламын. Мен құлап қалғанда жанымдағы сотталушылар мені көтеріп жүреді. Өтініп сұрайтыным, маған ота жасауға мүмкіндік жасаңыздаршы. Менің сүйектерім үгіліп түсіп жатыр. Егер мен сәтсіз құлайтын болсам, аяғым бөлек алынып қалады. Бар сұрайтыным Астанаға барып, ота жасатқызса, болды, - дейді Голумян.

Сотталушының адвокаты Наталья Алексеенко ЕС 164/3 түзету мекемесінінің әрекетсіздігін заңға қайшы деп санайды. Айтуынша, сотталушыға дәрігерлер айтып келген отаны жасайтын уақыт келген, бірақ мекеме басшылығы әрекетсіздік танытып отыр.

- Севак екінші топтағы мүгедек, денсаулығының нашар екені құжаттардан көрініп тұр. Оған шұғыл түрде емделу қажет. Бірақ ешқандай шаралар қолданылып жатқан жоқ. Біздің қолымызда Семей, Павлодар дәрігерлері жазған ұсыныстары бар. Біз бұл шараларды өзіміз жасай аламыз. Оған травматолог, ортопед, нейрохирургтардың кеңесі қажет.
Бізге мекемем басшылығының атынан осы ұсыныстары орындалады деген жауап қайтарылған жоқ. Бұл жерде әкімшілік әрекетсіздік танытып отыр, - дейді қорғаушы Наталья Алексеенко

Сотталушының анасы Светлана Кехноянның айтуынша, мекеме басшылары сотталушыны Семей, Павлодар қалаларына тек дәрігерлік кеңеске ғана жіберген. Бірақ, ол жақта ешқандай ем-дом шаралары жүргізілмеген.

- Төрт жылда Павлодар, Семей қалаларына ғана жіберді, болды. Ол жоқта баламды емдеген жоқ. Мен көп шағымдандым, травматологқа барды, бірақ ешқандай рентген кескіндері жоқ, - дейді сотталушының анасы Светлана Кехноян.

Қазір Светлана Кехноянның бір ғана талабы бар, ол - баласының аяғына ота жасату.

- Менің бар сұрайтыным, ота жасатуға келісім берсе екен деймін. Мен баламмен кездесуге барғанда ол маған өз-өзіне қол жұмсайтынын, мұндай азапқа шыдай алмайтынын айтты. Олар балама тік тұр деп айтады екен, ол кем аяғымен тік тұра алмайды, - дейді сотта шағымын білдірген анасы.

Сот процесі барысында түзету мекемесінің өкілдері сұхбат беруден және өздерін суретке түсіруден бас тартты. Сотталушының шағымына қатысты іс бір айдан артық қаралды. Судья Айжан Әбілқасымова Севак Голумяннің шағымын жартылай қанағаттандыру, яғни колония басшылығының Голумянді емдеу әдісі туралы мәселені шешу үшін Астанада ортопедиялық және травматологиялық кеңесті ұйымдастыруына рұқсат беру туралы шешім шығарды.

Судья Айжан Әбілқасымова сотталушы Севак Голумянның шағымы бойынша сот шешімін оқып тұр. Петропавл, 23 қазан 2017 жыл.
Судья Айжан Әбілқасымова сотталушы Севак Голумянның шағымы бойынша сот шешімін оқып тұр. Петропавл, 23 қазан 2017 жыл.

Севак Голумян 2014 жылы 2 шілдеде "алаяқтық жасады" деген айыппен, 10 жылға сотталған болатын. Қазір сотталушы Петропавлдағы ЕС 164/3 түзету мекемесіне жазасын өтеп жатыр.

AzattyqTV

Алматының "Буревестнигі" СССР чемпионы болған кез
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG