Accessibility links

Сот шымкенттік белсендінің шағымын қанағаттандырмады


Шымкенттік белсенді Ибраһим Әлсерке.
Шымкенттік белсенді Ибраһим Әлсерке.

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы азаматтық белсенді Ибраһим Әлсеркенің қала тұрғыны Дәурен Аймамбетовтың үстінен түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

24 қазанда 10 минутқа созылған сот отырысына арызданушы Ибраһим Әлсерке мен бірнеше қоғамдық бірлестіктің өкілдері қатысты. Дәурен Аймамбетов сот отырысына келген жоқ.

Ибраһим Әлсерке судья Зиядинхан Пірниязовтан "Дәурен Аймамбетовті кінәлі деп тауып, оның үстінен қылмыстық іс қозғауды" сұрады. Бірақ сот белсендінің жеке шағымын қанағаттандырмады. Сот қаулысымен келіспеген Ибраһим Әлсерке Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтты.

Дәурен Аймамбетов әлеуметтік желіде "Ибраһим Әлсерке жер митингісіне байланысты әкімдіктен ақша алғаны туралы" жазба жариялаған. Кейін Әлсерке Аймамбетовті сотқа берген. 12 қыркүйекте Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты "жазбада қылмыстық құрам болмағандықтан" айыпталушы Аймамбетовті ақтаған.

Ибраһим Әлсерке "2016 жылы 21 мамыр күні Шымкентте жер мәселесіне қатысты митинг болатыны туралы хабар таратқаны" үшін былтыр бірнеше адаммен бірге 15 тәулікке қамалып шыққан.

XS
SM
MD
LG