Accessibility links

Ақышев: Bank RBK мәселесіне қатысты келіссөз болып жатыр


Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Астанада өткен брифингте Ұлттық банктің Bank RBK-нің акционерлерімен және негізгі кредиторларымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл банк салымшылары бұған дейін банктің депозиттерінен ақша беруден және карточка бойынша төлем жасаудан бас тартып жатқанын мәлімдеген.

"Қазір Bank RBK-нің акционерлерімен және негізгі кредиторларымен келіссөз жүргізіліп жатқаны рас. Бұған дейін айтқанымдай, бұл квазимемлекеттік компаниялар, мемлекеттік сектордағы компаниялар, Ұлттық банктің өзі Bank RBK-нің кредиторы саналады. Әзірге айтар ештеңем жоқ, банкті айықтырудың түрлі варианттары қарастырылып жатыр" деді Ақышев 25 қазанда.

Bank RBK бұған дейін ресми сайтында келісімдегі міндеттемелерін орындамау туралы талап арыз алғанын мәлімдеген. 18 қазанда Ұлттық банк банкке жазбаша ұйғарым түрінде ықпал ету арқылы шектеу шарасын қолданған. Сол күні Ақышев Ұлттық банк Bank RBK акционерлерінен "іс-шаралар жоспарын" сұрап, олардан ақпарат күтіп отырғанын айтқан.

Ақышев 18 қазанда Bank RBK-де квазимемлекеттік компаниялардың "біраз қаржысы", жеке және заңды тұлғалардың қаржысы барын, сондықтан Ұлттық банк үкіметпен бірге қалыптасқан жағдайды "талқылап жатқанын" айтқан.

Қазан айының басында БАҚ-та Bank RBK жеке және корпоративтік клиенттерінің ақшасын алуына ішінара шектеу қойған. Банк кассасынан және банкоматтан ақша алу операцияларына шектеу салынған. Осы аптада банк салымшылары - жеке тұлғалар банктің депозиттерінен ақша беруді тоқтатқанына шағымданған.

11 қазанда банк акционерлерінің бірі Владимир Ким басқа акционерлермен, Ұлттық банкпен және Қазақстан үкіметімен келіссөз ұйымдастырып, банкті қосымша капиталдандыру шарттарын сөйлесіп жаиқанын хабарлаған. Активінің көлемі жағынан ең ірі он банк қатарына кіретін Bank RBK ол кезде қаржылық жағдайын нығайтудың әлде бір шараларын дайындап жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG