Accessibility links

Назарбаев: Жаңа әліпби жобасын бекіту керек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков (сол жақта) пен оның орынбасары Марат Тәжинді қабылдап отыр. Астана, 26 қазан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбіде президент әкімшілігі жетекшісінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен оның орынбасары Марат Тәжинді қабылдап, қазақ тілінің жаңа латын жаңа әліпбиі нұсқасын бекіту туралы жарлық дайындауды тапсырды.

Президенттің ресми сайтының хабарлауынша, кездесуде Назарбаев қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиін жасау жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағанын, әліпбидің соңғы нұсқасы "қоғамның қолдауына ие болғанын" айтты.

"Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық дайындау керек. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар, Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерінің арасында консенсус жасалды. Жалпы, қоғам қолдайды" деді Назарбаев.

Қазақстан президенті сонымен қатар латын графикасына біртіндеп және жүйелі түрде өту қажетін де айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында жасаған мәлімдемесінде "2017 жылдың соңына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің" нақты кестесін жасауды тапсырған еді.

12 қазанда Астанада өткен баспасөз конференциясында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған. Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған.

Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбаған болатын.

Назарбаев бұған дейін латын әліпбиіне көшу үрдісі "орыс тілді тұрғындардың, орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығына" тимейтінін бірнеше рет айтқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG