Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Ил-76 ұшағы Шпицберген аралы маңында хабарсыз кеткен ресейлік Ми-8 тікұшағын іздеу тобының құтқарушылары мен су астында жұмыс істеуге арналған қажетті құрал-жабдықтарды Норвегияға жеткізген.
Ұшақпен бүгін таңертең апат болған аймаққа барған топ құрамында терең суда іздеу-құтқару операцияларын жүргізуге лицензия алған 17 адам бар деп хабарланды.
26 қазанда Арктикадағы Свальбард архипелагы тұсында ресейлік Ми-8 тікұшағы радардан жоғалып кеткен. Арада біраз уақыт өткенде Норвегия билігі тікұшақтың апатқа ұшырағаны туралы хабарлаған. Ресейлік тікұшақтың бортында сегіз адам – экипаждың бес мүшесімен бірге Арктика және Антарктиканы зерттеу институтының үш ғалымы болған. Олардың ешқайсысы әлі табылған жоқ.