Accessibility links

"Деструктивті топ" мүшелеріне қоғамдық қорғаушы тағайындалмай отыр


Гарант дүкені аумағын күзетіп жүрген полицейлердің бірі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Гарант дүкені аумағын күзетіп жүрген полицейлердің бірі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

"Оңтүстік Қазақстан облысында "деструктивті ағым мүшелері" деп ұсталып, екі айға қамауға алынған үш күдіктінің екеуіне қоғамдық қорғаушы тағайындалмай жатыр" деп хабарлайды олардың адвокаты Бауыржан Азанов.

Шымкенттегі "Гарант" дүкендері аумағында ұсталған Бақытжан Ізтілеуовтың әйелі Айгүл Сатиева да тергеушілер күйеуінің қоғамдық қорғаушы алуна қарсылық білдіргенін айтады.

"Қорғауымдағы Бақытжан Ізтілеуов пен Алпамыс Жүсіпбековке қоғамдық қорғаушы тағайындамаған тергеушілердің үстінен арыз түсірдік. Тергеуші еш себепсіз қоғамдық қорғаушы тағайындаудан бас тартып отыр. Бұл – заңсыз. Қоғамдық қорғаушы арыз түскен бетте тағайындалуы керек немесе тағайындамауға негіз жасап, қаулы шығаруы тиіс" дейді адвокат Бауыржан Азанов.

19 қыркүйекте "деструктивті ағым мүшелері" деп ұсталған Бақытжан Ізтілеуов, Алпамыс Жүсіпбеков пен Самат Борашовқа әлі күнге қоғамдық қорғаушы тағайындалмағанын Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы Н. Жалғасов та растады. Оның хабарлауынша, күдікті деп танылған Бақытжан Ізтілеуов пен Алпамыс Жүсіпбековтің өздеріне қоғамдық қорғаушы тағайындау жөніндегі жазбаша өтініштері қаралып, заң талаптарына қайшы болмаған жағдайда қоғамдық қорғаушы тағайындалады. Күдікті Самат Борашев тарапынан жазбаша өтініш түспеген.

"Қоғамдық қорғаушы тергеушінің дәлелді қаулысымен, Қылмыстық процесуалдық кодекстің 94-бабында көрсетілген нормаларға сәйкес тағайындалады" делінген хабарламада.

Бақытжан Ізтілеуов 19 қыркүйекте Шымкентте, Алпамыс Жүсіпбеков - Сарыағаш қаласында, Таңат Борашев Жетісай қаласында ұсталған.

20 қыркүйекте ұсталған үшеуі Шымкентте "деструктивті діни ағым мүшелерінен құралған қылмыстық топ" құрамында болды деген күдікпен 19 қарашаға дейін қамалған.

Жүсіпбеков пен Борашев қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") бойынша күдікті деп танылған. Ал Ізтілеуов 174-баптың 1 және 2-бөлігі ("Алдын ала сөз байласу арқылы діни алауыздықты қоздыру"), 256-баптың 1-бөлімі ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған.

XS
SM
MD
LG