Accessibility links

Шымкентте ұсталған «деструктивті ағым мүшелеріне» іс қозғады


"Гарант" дүкені аумағында жүрген телефон сатушылары мен жүргіншілер. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.
"Гарант" дүкені аумағында жүрген телефон сатушылары мен жүргіншілер. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкентте «қылмыстық топ құрған деструктивті діни ағым мүшелері» деген күдікпен ұсталған үш адамға «терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша іс қозғалып, олар екі айға қамалды. Полиция «тергеу құпиялылығын» алға тартып, күдіктілер ісіне қатысты ақпарат бермеді. Туыстары билік оларға «жала жауып отыр» деп санайды.

КҮДІКТІ ҮШЕУ ЕКІ АЙҒА ҚАМАЛДЫ

Қыркүйектің 22-сі күні Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты «деструктивті діни ағым мүшелерінен құралған қылмыстық топ» құрамында болды деген күдікпен ұсталған үш адамды қарашаның 19-ына дейін қамауға алды. Сот отырысына күдіктілердің туыстарынан ешкім келмеді, сотқа журналистерді кіргізбеді.

Тұтқындау туралы санкция берген судьялардың бірі Ғани Байарыстанның Азаттыққа айтуынша, 1980 жылы туған Бақытжан Ізтілеуов - Шымкентте, 1987 жылы туған Алпамыс Жүсіпбеков - Сарыағашта, 1980 жылы туған Самат Борашов - Жетісай қаласында ұсталған.

- Ізтілеуов 174-баптың 1 және 2-бөлігі («Алдын ала сөз байласу арқылы діни алауыздықты қоздыру»), 256-баптың 1-бөлімі («Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша, ал Жүсіпбеков пен Борашов қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру») бойынша күдікті деп танылды. Қылмыстың ауырлығы мен қоғамдық дәрежесі жоғары болуы, экстремизм қылмыстарына қатысты санкция берілді, - деді судья Ғани Байарыстан.

Оның сөзінше, күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі істі облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.

Борашов «ешқандай қылмыстық әрекет жасағаным жоқ» деп, тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Тергеу кезінде кінәсіз екенін дәлелдеуге толық құқығы бар.

- Борашов «ешқандай қылмыстық әрекет жасағаным жоқ» деп, тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Тергеу кезінде кінәсіз екенін дәлелдеуге толық құқығы бар, - дейді судья.

Қыркүйектің 19-ы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) Шымкенттегі «Гарант» дүкені аумағында «деструктивті діни ағымдар ұстанушыларынан құралған қылмыстық топ ұсталғаны» туралы ақпарат таратқан болатын.

«Тергеу болжамы бойынша, топ мүшелері ұрланған телефондарды алып-сатумен айналысқан. Олар мобильдік құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазып, сатқан» делінген полиция хабарламасында.

Азаттық тілшісі ІІД баспасөз қызметінен ұсталғандарға қатысты кеңірек ақпарат беруін сұраған еді. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова:

- Тергеу амалдары басталды. Сондықтан қандай да бір ақпарат бере алмаймыз, - деп жауап берді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының Азаттыққа хабарлауынша, Шымкентте қыркүйектің 19-ы жүргізілген арнайы операция кезінде 650 адам полицияға жеткізілген. Кейін олардың біреуіне қатысты іс қозғалып, соттан оны қамауға алуға санкция сұралған.

«ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЕКЕН ДЕП ОЙЛАДЫМ»

Шымкенттің орталығындағы Байтұрсынов және Тәуке хан көшелерінің қиылысында орналасқан қос қабатты «Гарант» деп аталатын ғимаратта негізінен ұялы телефон сату және сатып алу, жөндеу, сондай-ақ интернет қызметін көрсетумен айналысатындар жұмыс істейді. Қыркүйектің 20-сы күні «Гарант» дүкеніне барған Азаттық тілшісі онда әдеттегі кәсібімен айналысушылардан бөлек «тәртіпті қадағалап жүрген» полиция қызметкерлері мен сатушылармен сөйлесіп жүрген прокуратура өкілдерін де байқады.

Дүкенде телефон сатып тұрғандар әуелгіде Азаттық тілшісімен сөйлесуден қашқақтады. Бірақ кейін аты-жөндерін атамауды сұрап, журналистке бір күн бұрын болған арнайы операция туралы айтып беруге келісті.

«Терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталған Бақытжан Ізтілеуов жұмыс істеген "Гарант" дүкенінің есігі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.
«Терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталған Бақытжан Ізтілеуов жұмыс істеген "Гарант" дүкенінің есігі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Сатушы жігіттердің сөзінше, қыркүйектің 19-ы күні түс мезгілінде кенеттен келген құқық қызметкерлері «Гарант» дүкені маңындағы адамдарды жаппай ұстаған.

- Мейлі ол сатушы не алушы болсын, әншейін өтіп бара жатқан адам болсын, ешқайсысына қарамады. Қаланың әр тұсындағы ішкі істер бөлімшелеріне апарған соң саусақ іздерін алып, суретке түсіріп, қайда тұратынын жазып алған соң ғана жіберді. Ұсталғандарды шамамен 3-4 сағаттың ішінде босатты, - дейді сатушылардың бірі.

Оның жанындағы екінші жігіт «полиция топырлап жүгіріп жеткенде оқу-жаттығу өтіп жатыр деп ойлап қалғанын» айтады.

- Қолымды қайырып, автобусқа салғанда не болғанын түсінбей қалдық. «Телефонға уағыз салды», «идентификациялық кодын өзгертті» дейді. Бұл - өтірік, жала. Міне, мен мына телефонды тазалаймын да, қайта сатамын. Мұның әлгіндей кодын өзгерту мүмкін емес. Сосын, бір адамның жазбасы екінші адамға не керек? «Салафилер», «сопылар», «Хизб ут-Тахрир» дейді. Сол діни ағымдағыларға менің түрім ұқсауы мүмкін, бірақ жүрегім, сенімім бөлек қой. Сол үшін мені де ұстауы керек пе? - дейді ол.

Гарант дүкені аумағын күзетіп жүрген полицейлердің бірі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Гарант дүкені аумағын күзетіп жүрген полицейлердің бірі. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Үшінші сатушы жігіт қыркүйектің 19-ы Шымкентпен бірге Сарыағаш, Жетісай, Манкент қалаларында да арнайы операция жүргізілгені туралы жұрттан естігенін айтады.

- Сарыағаштағы дүкендерді мөрлеп тастапты. Операцияны негізінен «салафилер көп шоғырланған» деген күдікке ілінген дүкендер мен сауда орындарында, базарларда жүргізген сияқты, - дейді ол.

Телефон жөндеумен айналысатын 35 жастағы жігіттің Азаттыққа айтуынша, қыркүйектің 19-ы күні «Гарант» аумағынан алып кеткен кейбір сатушылар ертесінде жұмысқа қорқып шықпай қалған.

Азаттық тілшісі сөйлескендердің бірі қазір тергеуде жатқан Бақытжан Ізтілеуовті танитын болып шықты.

- Оны бала күнімнен білемін, бәріміз Жетісайданбыз. Шымкентке 20 жыл бұрын көшіп келген. Мінезі салмақты, телефон сатып алып, сатып жүргеніне 15 жыл болды. Күнде таңертең келіп, жұмысын істеп кешке қайтады. Сақалы бары рас. Бірақ сақал қойған адам көп қой. Намаз оқиды екен деп жұмыстан қылмыскердей қолын қайырып, кісен салып алып кетуге бола ма? - дейді әлгі жігіт.

«Терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталған Бақытжан Ізтілеуовтің бірнеше жыл бұрын әйелі Айгүл Сатиевамен түскен суреті. Сурет олардың отбасылық архивінен алынды.
«Терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» баптары бойынша айыпталған Бақытжан Ізтілеуовтің бірнеше жыл бұрын әйелі Айгүл Сатиевамен түскен суреті. Сурет олардың отбасылық архивінен алынды.

Сөзге дүкен аралап көже сататын 60 жас шамасындағы әйел араласты. Ол да Бақытжан Ізтілеуовті танитынын, оның әкесі қайтыс болғанын, қолында ауру шешесі бар екенін айтады.

- Осы жерде тамақ сатамын. Баханың (Бақытжанды айтады - ред.) ешбір теріс қылығын көрген емеспін, - деді ол.

«ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫР»

Бақытжан Ізтілеуовтің отбасы Шымкент қаласының Колос шағын ауданындағы шамамен жарты ғасырдай бұрын салынған көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде тұрады. Азаттық тілшісі кіргенде Бақытжанның зейнеткер анасы Гүлжахан Әнуарова қонақ бөлмедегі диванда ауыр демалып отыр екен. Бірнеше жыл бұрын қан қысымы көтеріліп, қатты ауырған қарт әйел балдақпен әрең қозғалады. Қазір бірінші топтағы мүгедек. Сөзі анық емес. Баласы жайлы журналистің қойған сұрағын естігенде жылап қоя берді.

- Төрт қыздың ішінде өскен жалғыз ұл ғой. Жетісайда туып, өсті. Сондағы Пушкин атындағы №5 жалпы орта мектепте оқып бітірді. Әкесі қайтыс болып кетті. Балам жұмысына барып-келіп, бала-шағасын асырап, мені дәрігерге алып барып жүрген еді, - деп сөйлей алмай тағы жылады.

Бақытжан Ізтілеуовтің анасы Гүлжахан Әнуарова. Шымкент, 24 қыркүйек 2017 жыл.
Бақытжан Ізтілеуовтің анасы Гүлжахан Әнуарова. Шымкент, 24 қыркүйек 2017 жыл.

Бақытжан Ізтілеуовтың әйелі Айгүл Сатиева ерімен бала күнінен бір мектепте оқығанын, екеуі үйленіп, дүниеге екі ұл, екі қыз әкелгендерін айтып берді. Бүгінде екі ұл студент, қыздың үлкені 4-сыныпта оқиды, кенжесі - 4 жаста. Отбасы 2003 жылы Жетісайдан Шымкент қаласына көшіп келген.

- Қалада әр жерде күзетші болып жұмыс істеді. Пәтер жалдап тұрдық. Атам қайтыс болған соң 2010 жылы анамыз Шымкентке келді. Ауырып, қан қысымы көтеріліп инсульт алды. 2011 жылы Жетісайдағы үйді сатып, пәтерде жүргенде жиған-тергенімізді қосып осы үш бөлмелі пәтерді сатып алдық, - дейді Айгүл Сатиева.

Оның айтуынша, орта білімі бар Бақытжан Ізтілеуов 2008 жылдан бастап «Гарантта» телефон сатып алып, қайта сатуды кәсіп етіп, отбасын асырап жүрген. Күнделікті намазын да қаза қылмайды екен.

- Баяғыда алғаш бастаған кезде ұрланған телефон екенін білмей сатып алып ұрынғаны бар. Содан бері тек телефонды тексеріп, құжаттарымен ғана сатып алатын. Күнкөрісі сол жер. Күнде мешітке барып, намазын оқып келеді. Жалғыз ұлы болған соң анасын қолына алып, қарап отырған, - дейді әйелі.

Шымкентте ұсталған күдіктінің жақындары оны кінәсіз дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

Таңертең ерте жұмысына кетіп, үйге кешке бір-ақ оралатын күйеуін құқық қызметкерлері ұстап, пәтеріне әкелген кезде Айгүл Сатиева үйінде жоқ екен.

- Қыркүйектің 19-ы «Гарантта» ұстап, үйге алып келіп, бала-шағаның алдында қолына кісен салып, үйді тінтіпті. Мешіттен сатып алған намаз кітапты тауыпты. Балалардың ойыны жазылған дискілерді алып кетіпті, - дейді келіншек.

Әйелі Бақытжан Ізтілеуовке тағылған «терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» айыбын жала деп санайды.

- Бірге отасып келе жатқанымызға 18 жыл болды. Осы уақытқа дейін біреулерді жинап, үгіт-насихат жүргізгенін байқаған жоқпын. «Біреуді дінге шақырып, намаз оқы деп те айтпаңдар. Тыныштық керек, заман қиын болып қалды» деп балаларына үнемі айтып, үйретіп отыратын. Бұл - жала жабу, өтірік. Түс көргендей әлі есімізді жинай алмай отырмыз, - дейді ол.

Бақытжан Ізтілеуовтің үйін тінту туралы полиция қаулысының фотокөшірмесі.
Бақытжан Ізтілеуовтің үйін тінту туралы полиция қаулысының фотокөшірмесі.

Айгүл Сатиева қамауда отырған күйеуін іздеп барғанымен, онымен жолығуға полиция рұқсат етпеген.

- Көрсетпейді, кіргізбейді. Не жөндерін айтпайды. Түнімен ішкі істер департаментінің есігінің алдында жүрдік. Бәрін Алла көріп тұр ғой, жазықсыз отыр ол. Жұмысын істеп, бала-шағамды қалай асырасам деп жүрген қарапайым адам, - дейді әйел.

Отбасы қамаудағы Бақытжан Ізтілеуовке әлі адвокат жалдамағандарын айтты. Онымен бірге екі айға қамалған, қыркүйектің 19-ы Сарыағашта ұсталған Алпамыс Жүсіпбековтің әйелі Баян Төлегеновамен Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласты. Жұбайының айтуынша, 1987 жылы Маңғыстау облысында туып, Сарыағашта мектеп бітірген Алпамыс Жүсіпбеков төрт балалы үйдің кенжесі екен.

- Қолында зейнеткер әке-шешесі бірге тұрады. Сарыағаштағы №127 мектепті бітірген соң Шымкенттегі темір жол колледжінде оқыған. 2008 жылы үйлендік. Бес баламыздың үлкені 7 жаста, кішісі - 8 айлық, - дейді келіншек.

Оның сөзінше, күйеуінің базарда ұялы телефон сатумен айналысып жүргеніне 4 жыл болған.

- Алпамыс 10 жылдан бері намаз оқиды. Ешкімге зияны жоқ, мейірімді, адал еңбегімен бала-шағасын асырап отырған адам, - деген Баян Төлегенова да күйеуіне «жала жабылып отыр» деп санайды.

«Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International - PRI) ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда экстремистік және террористік айыптар бойынша сотталғандар саны көбейіп келеді. 2014 жылы елде экстремистік және террористік баптар бойынша 154 адам, 2015 жылы – 317 адам сотталған, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 554 адамға жеткен. Мәліметтерге қарағанда, 2017 жылдың мамыр айындағы есеп бойынша Қазақстан түрмелерінде үш жарым мыңнан астам дін ұстанушы қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG