Accessibility links

"Терроршы" Дамир Зналиев 20 жылға сотталды


Дамир Зналиевке іздеу жарияланғаны туралы құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің сайтындағы ақпараттан алынған скриншот.
Дамир Зналиевке іздеу жарияланғаны туралы құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің сайтындағы ақпараттан алынған скриншот.

Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тамыздың 23-і күні биыл Ауғанстаннан ұсталып әкелінген Дамир Зналиевті 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ. Ал Азаттық тілшісі сөйлескен туысы оның «Ауғанстанға 2010 жылы полициядан қашып кеткенін» айтады.

«1989 жылы туған Дамир Зналиев қаңтардың 19-ы күні Ауғанстанның солтүстігіндегі Сари-Пуль уәлаятында ұсталғанын» сол айдың соңында Қазақстан сыртқы істер министрі хабарлаған еді. Хабарламада министрлік Ауғанстанның құқық қорғау органдарының да «Зналиев террористік іс-әрекетпен айналысты деп күдіктенетінін» мәлімдеген. Оны Қазақстанға әкелгеннен кейін жарты жылдан астам уақыт тергеу жүріп, соты тамыздың 9-ы басталған. Сот процесі жабық түрде жүргендіктен, Зналиев ісінің жай-жапсары егжей-тегжейлі хабарланбады. Істі екі апта ішінде қараған судья Гүлмира Дәулетова оған 20 жылдық жазасын қатал режимдегі колонияда өтеу үкімін жариялады.

«АТЫРАУДАҒЫ ЖАРЫЛЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН»

Азаттық тілшісіне Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Зналиевке «террористік топ құрды, оған басшылық етті», «жарылыс жасады», «терроризмді қаржыландырды» деген айыптар тағылып, кінәлі деп танылған. Зналиев сотта айыбын мойындаған».

Баспасөз хабарламасында «Сот процесінде Зналиевтің 2011 жылдың шілде айында Атырау тұрғындары Орынбасар Мұнатов, Ринат Хабидолла және Бельгия азаматы Моэз Гарсаллауимен бірге Пәкістанның Солтүстік Вазиристан аймағында «Джунд әл-Халифат» (Jund al – Khilafah – «Халифат сарбаздары») атты террорлық ұйым құрғаны баяндалды. Ұйымға Қазақстан, Тәжікстан және араб елінен шыққан азаматтар кірген. Зналиев 2011 жылы қыркүйектің 12-сі мен қазанның 2-сі аралығында адамдар тобымен Алматыдағы сыртқы істер министрлігі өкілдігі аумағында, Алматы ішкі істер басқармасы ғимаратында жарылыс жасауға дайындалған. 2011 жылы қазан айының аяғында Атырау қаласындағы әкімдік және прокуратура ғимараттарында жарылыс жасауды ұйымдастырған» деп жазылған.

Қазақстандағы бірнеше террорлық әрекеттердің жауапкершілігін мойнына алған "Халифат сарбаздары" ұйымының қаза болған басшысы Моезиддин Гарсалауи.
Қазақстандағы бірнеше террорлық әрекеттердің жауапкершілігін мойнына алған "Халифат сарбаздары" ұйымының қаза болған басшысы Моезиддин Гарсалауи.

2011 жылы қазанның 31-і күні таңертең Атырау қаласында бірінен соң бірі екі жарылыс – алғаш облыстық әкімдіктің маңында, одан соң Сарыарқа көшесінде болған еді. Ертеңінде Қазақстан прокуратурасы жарылыс салдарынан мерт болған адам - Атырау қаласының тұрғыны, 1987 жылы туған Бауыржан Сұлтанғалиев екенін мәлімдеген. Жанкештінің өзінен басқа адам шығыны туралы хабарланбады. Ал қарашаның 1-і «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деп аталатын Ауғанстан мен Пәкістанның шекарасында орналасқан исламшыл топ Атырауда болған екі жарылысты мойнына алды. Олар мәлімдемесінде жарылыстың тек Қазақстан үкіметіне діндарларға қысым жасамау жайлы ескерту болғанын және көп адамға зардап тигізуден сақтанғандарын айтқан. «Халифат сарбаздары» «алайда, егер алда билік талабымызға құлақ аспаса, келесі шабуылдардан құрбандық көп болады» деп жазған.

Бұл ұйымды биыл (2011) жазда Қазақстан Республикасының азаматтары Ринат Хабидолла, Орынбасар Мұнатов және Дамир Зналиев Қазақстан аумағында жиһад бастау мақсатымен құрған. Аталған адамдар қазіргі уақытта ауған-пәкістан шекарасында бой тасалап және халықаралық террористер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүр.

Жарылыстан 10 күн өткенде бас прокуратура мәлімдеме жасап, жарылыстарға қатысты Атырауда ұсталған топтың (Мейрамбек Албекұлы Ұсабеков, Мирхат Исатайұлы Қалқаманов, Әлімжан Болатбекұлы Сагенов – ред. ) «2009 жылы құрылғанын және топ мүшелерінің жиһад мақсатымен шетелге шығуға ниеті болғанын анықтаған». Сол кезде бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков:

– 2011 жылы қыркүйекте бұл топ «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») террорлық ұйымы мүшелерімен байланыс орнатқан. Бұл ұйымды биыл жазда Қазақстан Республикасының азаматтары Ринат Хабидолла, Орынбасар Мұнатов және Дамир Зналиев Қазақстан аумағында жиһад бастау мақсатымен құрған. Аталған адамдар қазіргі уақытта Ауғанстан-Пәкістан шекарасында бой тасалап және халықаралық террористер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүргендіктерін атап өту қажет, – деп мәлімдеген еді.

ШЕТЕЛГЕ КЕТУ СЕБЕБІ

Азаттық тілшісі сот «Джунд әл-Халифат» (Халифат сарбаздары) атты халықаралық террорлық ұйым құрған» деген Дамир Зналиев туралы оның туыстарымен әңгімелеспек болған еді. Аты-жөнін айтпауды өтінген, телефонмен ғана сөйлесуге келіскен туысы 28 жастағы Зналиевтің Атырау қаласы Авангард шағын ауданында дүниеге келгенін, сондағы №16 орта мектепті бітіргенін, үйіндегі үш ұлдың кенжесі екенін айтты.

- Дамир екі жасқа толғанда ата-анасы ажырасты. Мектептен соң ол қалада коллежде оқыды. Алған бетінен қайтпайтын табанды еді. Мектептен соң спортпен қатты айналысты. Шамасы, онда бір проблемалар болған, адам басына іс түскенде ғана қорғанды діннен іздейді ғой, 2006 жылдан (17 жасында - ред.) намаз оқи бастады. Дамир екі рет үйленген. Бірінші әйелінен ұлы бар. 2010 жылы Атырауда «терроризм, экстремизм» айыбымен жаппай тұтқындау басталғанда ол Ауғанстанға кетіп қалды. Ол кеткен соң екінші жұбайы басқа адамға тұрмысқа шықты. Мен сізге содан басқа ештеңе айта алмаймын, - деді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 2011 жылы Дамир Зналиевке іздеу жариялады. Туысы айтқан және ҰҚК іздеу жариялаған жылдарды ескергенде ол Ауғанстан мен Пәкістанда 6-7 жыл жүрген. Бұған дейін осы топтың тағы бір «мүшесі» атыраулық Орынбасар Мұнатов 2013 жылы ақпанда Пәкістанда ұсталып, биыл қазанда Атырау соты үкімімен 20 жылға сотталған. Ал «Халифат сарбаздары» басшысы деген Бельгия азаматы Моэз Гарсаллауидің өлтірілгені 2012 жылы қазанда хабарланды. Осы топ мүшесі деген атыраулық Ринат Хабидолла ҰҚК мәліметі бойынша «Сирияда соғысып жүр». Оған қатысты да халықаралық іздеу жарияланған.

«ДЖУНД ӘЛ-ХАЛИФАТ»

Атырау сотының баспасөз хабарламасында «Зналиев құрды» деген «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы туралы қазақстандықтар 2011 ести бастады. Исламшыл ұйымның алғашқы мәлімдемесі 2011 жылы қазанның 21-і, яғни Атыраудағы өздері мойнына алған екі жарылыстан 10 күн бұрын жасалды. «Исламшыл» топ сол күні араб телеарнасына видеожазба шығарып, онда бетін бүркеген қарулы төрт адам Қазақстан үкіметінен жаңа қабылданған дін туралы заңның күшін жоюды талап еткен. Топ мүшелері «заңда мемлекеттік орындарда намаз оқып, орамал тағуға тыйым салынған, егер бұл ұстанымнан бас тартпасаңдар, біз қарсы әрекет ете бастаймыз» деген.

"Халифат сарбаздары" террорлық ұйымы видеомәлімдемесінен алынған скриншот.
"Халифат сарбаздары" террорлық ұйымы видеомәлімдемесінен алынған скриншот.

Іле-шала Атырауда қазанның 31-і күні екі жарылыс болды. Мұнан кейін бұл ұйым Қазақстанда жасалған бірнеше шабуылды мойнына алды.

2011 жылы қарашаның 12-сі күні Тараз тұрғыны Мақсат Кариев өзін аңдып жүрген екі қауіпсіздік қызметкерін атып өлтіріп, қаруларын алып кеткен. Одан кейін ол қару-жарақ дүкенін тонап, екі кісіні атып өлтіріп, РПГ-26 гранатометімен ҰҚК ғимаратын атқан. Одан соң тағы да екі полицейді өлтіріп, ақырында өзін-өзі жарып жіберді. Бұл атысты да "Халифат сарбаздары" ұйымы өз мойнына алып, «Ислам дініне кедергі көбейе берсе, біз осылай жасай береміз» деген ескертуін қайталады.

2011 жылы желтоқсанның 9-ы "Халифат сарбаздары" ұйымы Алматы іргесінде Боралдай кентіндегі қақтығыста қаза болған бес адам да өз мүшелері екенін мәлімдеді. Топтың мәлімдеуінше, "өзін өлімге қиюға даяр мыңдаған жақтастары" бар.

2011 жылдың аяғында Атырау қалалық соты топты террористік ұйым деп таныды. Мұнан соң ұйым көп аталмай кетіп, «қазақ жиһадшыларының» түрлі мәлімдемелері Сириядан жасала бастады.

МАМАН ПІКІРІ

Тарих ғылымдары докторы Асылбек Ізбасаровтың айтуынша, «Джунд-әл-Халифат» тобы пайда болған кезде Сирия соғысы басталмаған, басты проблема Ауғанстанмен байланысты болған».

- Оның құрылуына Қазақстандағы идеологиялық вакуум себеп болды. [Азаматтардың] Қазақстанға кірген түрлі ағымдардың жетегіне кетуінің себебі дін туралы анық түсініктің болмауынан, - дейді ол.

2011 жылдан бері Қазақстанда ондаған адам «терроризм мен экстремизмді насихаттады», «жиһадқа шақырды» деген айыптармен топтап сотталып жатыр. Кейінгі жылдары да Қазақстанда «теракт» деп танылған бірнеше шабуылдар болды.

ВИДЕО: 2016 жылғы қарулы шабуылдар

2016 жылғы қарулы шабуылдар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

2016 жылы маусымның 5-і жасалған, арты алты күндік атысқа созылған Ақтөбедегі шабуылдан 40 шақты адам жараланып, 20 кісі қаза тапты. Ұсталғандар түрлі мерзімге сотталды. Ал «түрмеде салафиттер ықпалына түскен», 2016 жылы шілденің 18-і күні Алматыда полицияның сегіз қызметкері мен екі тұрғынды атып өлтірген Күлекбаев өлім жазасына кесілді.

XS
SM
MD
LG