Accessibility links

СІМ: Астанаға Сирия келіссөзіне қатысатын барлық тарап келді


Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзінің алтыншы раунды. 14-15 қыркүйек 2017 жыл.

Астанада дүйсенбіде Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті, жетінші кезеңі басталады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келіссөзге қатысушы барлық тарап Астанаға келіп қойған.

Министрлік мәліметінше, бүгін күн тәртібіндегі мәселелер екі жақты және көп жақты түрде талқыланады. Пленарлық отырыс 31 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі жоғары деңгейде өтетін келіссөзде тұтқындарды және қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарланғанын хабарлаған болатын. Тараптар сонымен қатар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастырып, Сирияда гуманитарлық минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдамақ ниетте.

Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздің алтыншы раунды Астанада 14-15 қыркүйекте өткен. Онда Сирияның Идлиб провинциясында қауіпсіздік аймақтары құрылғаны жарияланған. Дегенмен, Сирия оппозициясы деэскалация аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші ретінде Иранды қабылдаудан бас тартқан.

Ресей, Түркия және Иран Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөзде гарант елдер мәртебесін иеленген. Бұл келіссөз БҰҰ қатысатын Женевадағы бейбіт келіссөзден бөлек өтіп жатыр. Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асад үкіметін қолдайды. Түркия мен АҚШ түрлі бүлікшіл топтарға қолдау көрсетеді.

Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста 330 мың адам қаза тапты.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG