Accessibility links

Ресей елшісі: Қазақстанның әліпби ауыстыру шешімін құрметтейміз


Михаил Бочарников, Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі. (Сурет Ресейдің Қазақстандағы елшілігі сайтынан алынды).
Михаил Бочарников, Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі. (Сурет Ресейдің Қазақстандағы елшілігі сайтынан алынды).

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников Мәскеу Қазақстанның қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру шешіміне "түсіністікпен және құрметпен қарайтынын" мәлімдеді деп хабарлады Азаттық тілшісі. Елші бұл жайында Астанада өтіп жатқан Қазақстан парламенті мәжілісі мен Ресей Мемлекеттік думасы комитеттерінің бірлескен жиынында айтты.

"Қазақстан - конституциясы бойынша орыс тіліне ресми мәртебе берілген мемлекеттердің бірі. Ресей егеменді Қазақстанның мемлекеттік тілді латын графигіне көшіру шешіміне түсіністікпен және құрметпен қарайды. Бұл тұста, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегендей, орыс тілінің позициясы сақталады, ал Қазақстан мектептерінде орыс тілі оқытыла береді. Себебі республика басшылығы ел азаматтарының орыс тілін еркін меңгеруін Қазақстанның маңызды мәдени артықшылығы деп біледі" деді Бочарников.

Жиында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен келешегі, Сирия дағдарысы, оның ішінде Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі, Ауғанстандағы жағдай, экстремизммен және терроризммен күрес, Еуразия экономикалық одағының кеден кодексін іске асыру тетіктері, шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып жатыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 26 қазанда қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекіту туралы жарлық шығарған. Президент үкіметке қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруды, 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді қамтамасыз етуді және жарлықты іске асырудың басқа да шараларын жасауды тапсырған. Жарлық жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында жасаған мәлімдемесінде "2017 жылдың соңына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің" нақты кестесін жасауды тапсырған еді.

12 қазанда Астанада өткен баспасөз конференциясында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған. Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған.

Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбаған болатын.

Назарбаев бұған дейін латын әліпбиіне көшу үрдісі "орыс тілді тұрғындардың, орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығына" тимейтінін бірнеше рет айтқан.

XS
SM
MD
LG