Accessibility links

Алматыда белсенділер "әділеттілік жоғына" тағы наразылық білдірді


Алматыдағы "Нұр Отан" партиясы филиалының алдындағы наразылық акциясы. 30 маусым 2017 жыл.
Алматыдағы "Нұр Отан" партиясы филиалының алдындағы наразылық акциясы. 30 маусым 2017 жыл.

Алматыда 30 қазанда "Нұр Отан" партиясының қалалық кеңсесі алдына бір топ белсенді жиналып, "Қазақстанда әділдік жоғына" тағы да наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Абылайхан даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында орналасқан партия филиалының алдына жиналған 15 шақты тұрғын Қазақстанда "соттардың әділетсіз шешім" шығаратынына" наразылық білдіріп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұраған, бас прокурор Жақып Асановты, Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразовты отставкаға кетуге шақырған плакаттар ұстап шықты.

Наразылардың сөзінше, 20 қазанда Алматы соты Алатау ауданының бұрынғы судьясы, 2010 жылы шығарған шешіміне байланысты сотқа тартылған Өмірзақ Серімовті "заңсыз түрде ақтаған".

Наразылармен сөйлесуге "Нұр Отанның" Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев шығып, оларды арыз-шағымын тыңдау үшін кеңсеге кіргізді. Оның сөзінше, тұрғындар мәселесін талқылауға қалалық әкімдік пен прокуратура өкілдері келген. "Нұр Отан" партиясының басшылығы тұрғындармен кездесуге журналистерді кіргізбеді.

Наразы тұрғындар былтыр да күзде "Нұр Отан" партиясының ғимаратында "Сот құқықтық жүйесі" деген жазуы бар плакатты еденге тастап, үстіне бірнеше қолғап лақтырған. Белсенділер мұны "әділетсіз шешім шығарған судьяларды бетпе-бет сөйлесуге шақырудың белгісі" деп түсіндірген. Одан бұрын да "Нұр Отан" кеңсесіне келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жолдаған. Оған өз қолдарын тіліп, қанмен қол қойған. Хатта әділет органдарының шешіміне наразы екендіктерін білдірген.

XS
SM
MD
LG