Accessibility links

Ақтөбеде оқушылардың ыстық тамағына бөлетін қаржыны көбейтуді ұсынды


Мектепке кіріп бара жатқан оқушы (Көрнекі сурет).
Мектепке кіріп бара жатқан оқушы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысының білім басқармасы Ақтөбе қаласындағы оқушылардың мектеп асханасынан ыстық тамақ ішуіне жұмсалатын қаржыны көбейтуді ұсынды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, облыстық әкімдікте өткен жиында Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова Ақтөбеде әр оқушының мектеп асханасынан ыстық тамақ ішуіне күніне 142 теңге жұмсалатынын және оның аз екенін айтты.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыс бойынша 14 мыңға жуық оқушы бюджет есебінен тегін тамақтанады. Бірақ олардың ас мәзірі біркелкі емес. Мысалы, Хромтау ауданында әр баланың ыстық асына 410 теңге жұмсалады. Ең жұпыны мәзір – Ақтөбеде. Бұл қаржы балық, бал, айран секілді бала ағзасына пайдалы ас түрлеріне жетпейді.

- Мектептегі мәзір балалардың биологиялық құнды заттарға физиологиялық тұрғыда тәуелділігіне қарап емес, азық-түлік бағасын есепке ала отыра жасалады. 142 теңгеге құнарлы ас ішу мүмкін емес, -деді әкімдіктегі жиында Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетов.

Ақтөбе қаласында жалпы білім беретін 76 мектеп бар. Жалпы оқу қорынан мектеп оқушыларының ыстық тамағы үшін бөлінетін қаржы жуырда қалалық мәслихатта қайта қаралатын болды.

XS
SM
MD
LG