Ақтөбе облысында биыл "теріс діни ағымды ұстанушылар" саны 580 адамға азайған. Бұл туралы 30 қазан күні Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.
- Біз олардың ("теріс ағымды ұстанушылар") санын күннен-күнге азайтып келеміз. Бұл олармен жүргізілген үгіт-насихат, кездесулердің нәтижесі. Бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастыра береміз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің мәліметінше, Ақтөбе облысында "теріс ағым жетегінде жүрген" 2100 азамат бар. Олардың 775-і - әйелдер. Ал бүгін Астанадағы жиында Бердібек Сапарбаев аймақта діни ахуалдың "тұрақты" екенін айтты.
Биыл мамырда Ақтөбеде парламент, әкімдік пен арнайы органдардың басшылары жиналып, облыстағы діни ахуалды талқылаған. Жиында ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков облыстағы діни ахуалды түбегейлі жақсарып кетті деуге әлі ерте екенін, облыс бұрынғысынша теріс діни ағымды ұстанушылар саны жағынан алда тұрғанын айтқан.