Ақтөбе полициясы екі тәулікте "отбасының шырқын бұзған" 200-ден астам ақтөбелікті профилактикалық есепке алды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) бұл туралы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қазанның 26-сы мен 28-і аралығында өткізген "Тұрмыс" деп аталатын профилактикалық шараның қорытындысы бойынша хабарлады.
"Отбасының шырқын алған 160 адамға қорғау нұсқамасы (защитное предписание) берілді. Сот арқылы отыз ақтөбеліктің мінез-құлқына ерекше талап қойылып, алты айдан бір жылға дейін бақылауға алынатын болды. Он маскүнем мәжбүрлеп емдеуге жіберілді" деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Ресми мәлімет бойынша, биыл Ақтөбеде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 32 қылмыс жасалып, бір әйел күйеуінің қолынан қаза тапқан. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзе алмаған 18 әйел (балаларымен бірге елу шақты адам) қазір дағдарыс орталығын паналап отыр.
Полицияның мәліметінше, тәулігіне жиырма шақты әйел күйеуінің озбырлығына шағынып, полицияға қоңырау шалады.