Accessibility links

Украина соты ішкі істер министрінің ұлын босатты


Александр Аваков, Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың ұлы. Киев, 1 қараша 2017 жыл.
Александр Аваков, Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың ұлы. Киев, 1 қараша 2017 жыл.

Киев соты Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың ұлы Александр Аваковты босатып қоя берді деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі. Сот оны тергеуші шақырған кезде тергеуге келуге, жүріп-тұрған жері туралы хабарлап тұруға және шетелге шығу құжатын тапсырып, электронды білезік тағуға міндеттеді. Тергеу болжамынша, Александр Аваков ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қымбат бағаға рюкзак сатып алған. Оның бұл әрекетінен мемлекет бюджетіне келген шығын 16 миллион гривенге (шамамен 600 мың доллар) бағаланып отыр. Прокуратура Аваковты қамауды талап еткен.

"Рюкзак ісі" екі жыл бұрын, журналистік зерттеу жарияланған соң қозғалған. Бұл іс бойынша Александр Аваковтан өзге Украина ішкі істер министрінің орынбасары Сергей Чеботарь да жауап беріп жатыр. Арсен Аваков ұлының "бюджет қаржысымен жұмысы болмағанын" айтады. Министр қылмыстық істің саяси астары бар деп біледі.

Украин БАҚ-тары 20 қазанда Арсен Аваков пен президент Петр Порошенко арасында келіспеушілік бары туралы хабарлаған. Порошенко министрді наразылық танытушылардың Жоғарғы Рада алдына шатыр тігуіне жол беріп қойды деп айыптаған. 31 қазанда, Александр Аваков ұсталған соң ішкі істер министрі демонстранттар жанында кезекшілік атқарып жүрген полицейлерді шақыртып алған.

Киевтегі наразылық акциясы 17 қазаннан бері жалғасып келеді. Демонстранттар қойып отырған талаптардың бірі - Порошенкоға импичмент жариялау.

XS
SM
MD
LG