Accessibility links

Астана шекарадағы жағдайға Бішкектің өзін кінәлады


Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекеті. 18 қазан 2017 жыл.
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекеті. 18 қазан 2017 жыл.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин Астана Қырғызстанға шекарадағы жағдайды реттеу үшін "бірнеше ұсыныс жасағанын", бірақ олардың ол ұсыныстардан "бас тартып, я реакция білдірмей отырғанын" мәлімдеді.

"Біз қырғыз тарабына шекараға келіп, бізбен бірге тұруды ұсындық, бізді де олардың шекарасына барып тұруға рұқсат беруін сұрадық. Амал не, оң жауап бермеді. Олар қазақстандық шекарашылар өздерінің тексеру және өткізу бекеттерінде бара алмайтынын айтты. Бірақ біз оларға бізбен бірге бекетте тұрыңыздар, бірге тексеріңіздер дедік" деді Ғұсман Әмрин.

Оның сөзінше, бұдан соң тараптар ақпарат алмасуға келісіп, Қазақстан жағы шекарадағы процестерге қатысты ақпарат жіберген. "Бір-бірімізге қандай тауар, қандай бағамен Қырғызстанға, Қазақстанға келетіні туралы ақпарат береміз дедік. Біз бұл келісімді орындап, өткен аптада ресми түрде оларға барлық ақпаратты жібердік. Әзірге олардан жауап алмадық, күтіп отырмыз. Бұл шаралардың барлығы шекара мәселесін реттеу жөніндегі жол картасына енгізілген. Жол картасына әзірге қол қойылған жоқ, әлі ешкім келмеді. Біз сұратқан барлығын жібердік, қазір енді қырғыз әріптестеріміздің реакциясын күтіп отырмыз" деді Әмрин.

Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасарының сөзінше, Қазақстан "кәсіби түрде қарым-қатынас жасап отыр" және "бірлесе жұмыс істеу ғана кез-келген өсек-аяңды жойып, ашықтыққа қол жеткізетініне көз жеткізуге тырысып жатыр". Ғұсман Әмрин қырғыз тарапы "ақпарат бермесе, өздерінде не болып жатқанын түсінбей, бірге жұмыс істегісі келмесе" Қазақстан заң бұзудың алдын алу үшін тексеруді күшейтуге мәжбүр болмақ.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Тексерудің күшейтілуінен ең алдымен тез бұзылатын азық-түлік таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері зардап шегіп жатыр.

Оқыңыз: Кәсіпкерлер шекарадағы "жаңа кедергілерге" шағымданды

18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері жағдай әлі өзгермегенін, Қазақстан жағының тексеру мен өткізуді кідіртіп, бұрынғыдай шекарада тәуліктеп кезек күтіп жатқанын айтады. Ресми Астана шекарадағы тексеру Қырғызстан арқылы өтетін контрабанданың алдын алу деп түсіндіреді.

26 қазанда Қырғызстан экономика министрі министр Артем Новиков Қазақстан шекара мәселесін реттеу жөніндегі жол картасына қол қоюдан бас тартқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG