Accessibility links

Кәсіпкерлер шекарадағы "жаңа кедергілерге" шағымданды


Қордай шекара бекетінен Қазақстанға өткеннен кейін қойылған блокпостқа тоқтаған жүк көлігі. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетінен Қазақстанға өткеннен кейін қойылған блокпостқа тоқтаған жүк көлігі. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан кәсіпкерлері Қазақстанның бақылау бекеттеріндегі күшейтілген режимге шекарадан өткеннен кейінгі негізсіз тексерулер қосылды деген шағым айтады. Ал Қазақстандағы тексеруші органдар қырғыз тасымалдаушылдары тарапынан заң бұзылып жатқанын хабарлады.

ТЕКСЕРІСТЕН ТЕКСЕРІС

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубанычбек Жолдошевтің хабарлауынша, қырғызстандық бизнес өкілдері қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға байланысты оларды салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеуден уақытша босатуды сұрап, ел үкіметіне жүгінген.

Қырғызстан саудагерлері кәсіподағының төрайымы Дамира Доолоталиева кәсіпкерлердің үкіметке жүгіну себебін:

- Шекарадан өтіп, 200-300 метр жүргеннен кейін жүк көліктерін тағы тоқтатып, бүкіл тауарын тексеріп, ақша беруге мәжбүрлейді. Тауарды Қазақстанға апара жатыр ма, әлде транзит арқылы өзге елдерге апара жатыр ма - оларға бәрібір. Бір көлік қалдырмай тексереді, осылай қысым жасап отыр. Біз мұндай фактілерді жинап жатырмыз. Тауар жеткізу мүлде қиындап кетті, сауда тоқтап қалды. Сондықтан үкімет жеңілдіктер қарастырмаса, жағдайымыз мүшкіл, - деп түсіндіреді.

Қордай шекара бекетінен Қазақстанға өткеннен кейін қойылған блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.
Қордай шекара бекетінен Қазақстанға өткеннен кейін қойылған блокпостта тұрған жауынгер. Жамбыл облысы, 11 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан базарлары қауымдастығының басшысы Сергей Пономарев Түркия, Иран және Қытайдан Қазақстан арқылы транзитпен Қырғызстанға баратын жүк көліктері қалайша контрабанда деп саналатынын білгісі келеді. «TIR көліктерін қандай негізбен ашып, пломбыларын жұлып, тауарды тексереді? Бұл халықаралық конвенция талаптарын бұзу» дейді ол.

КЕДЕН БАҚЫЛАУЫ ҚАЙТА ОРНАДЫ МА?

Бизнес-қауымдастық өкілі Эльвира Боромбаеваның нақтылауынша, бақылау бекетінен өткеннен кейін Қырғызстан жүк көліктерін Қордай ауылы шетіндегі «Барыс» базары жанында тағы тоқтатады.

- Қордай ауылынан шыға берген жерде қырғызстандық жүк көліктерін тоқтатып, тексеретін кедендік бекеттер орнатылған. Оларды қандай негізде орнатып қойғаны белгісіз. Қазақстан билігінен жағдайды ушықтырмауын сұраймыз. Екі елдің кәсіпкерлері ғана емес, үшінші елдердің жүк тасымалдаушылары да зардап шегіп жатқанын олар түсінуі тиіс қой, - дейді Боромбаева.

Қырғызстан базарлары қауымдастығы басшысы Сергей Пономарев Қазақстанның контрабанда туралы уәжін сылтау деп санайды.

- Біздің сүт, ет, ауыл шаруашылығы және тоқыма өнімдеріміз қалайша контрабанда болады? Мұның бәрі өзіміздің елде өндірілген, ЕАЭО форматына сәйкес жүк, тауар, қаржы, жұмысшылар мен қарапайым адамдардың өту процедурасы еркін болу тиіс, - дейді ол.

Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Эльдар Абакиров үкіметтің шекарадағы жағдайды реттеу шаралары жайлы айтып берді.

- Шекарадағы жағдай бойынша Еуразия экономикалық комиссиясына өтініш жолданды. Ұйымда қазір қызу пікірталас жүріп жатыр. Тағы бір ықпал ету тетігі - Дүниежүзілік сауда ұйымы, ол жақта тауар экспорты мен импортына кедергілер жасау халықаралық келісімдерге сәйкес емес екені талқыланып жатыр. Мәселе келіссөздер бастала шешілуі мүмкін. Әйтпесе дау сотқа дейін жетуі мүмкін, - дейді Эльдар Абакиров.

ВИДЕО: Президент Алмазбек Атамбаев ЕАЭО-ғын сынады​ (27 қазан 2017 жыл)

Атамбаев "бір адамға тәуелді" одақ туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

КҮШЕЙТІЛГЕН ТАЛАПТАР

Ал кәсіпкерлер шекарадағы жағдайдың кесірінен үлкен шығынға баттық деп қынжылады. Өткізу бекеттеріндегі бақылауды күшейту мен Қазақстан территориясында тексеру бекеттерін орнатудан бөлек, енді көрші ел тауарларды кері қайтара бастаған.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз үкімет тартысы көпке қиын тиді

Кей кәсіпкерлер Алматыдағы дүкен сөрелерінен ветеринарлық талаптарға сай емес деген уәжбен Қырғызстанда өндірілген сүт және ет өнімдері азайып бара жатқанын айтады. Қырғызстанның мемлекеттік ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік инспекциясының директоры Калысбек Жумаканов:

- Фитосанитарлық бақылау алынды, бірақ бұған қарамастан тексеру жалғасуда. Тауарларды қилы сылтаулармен тексеріп жатқанына алаңдап отырмыз. Алматы базарларының бірінен 127 килограмм тауарды алып тастапты. Бірақ бір жағынан, бұған кәсіпкерлердің өздері де кінәлі, олар тауарларын тіркемей өткізген, - дейді ол.

Ереванда өткен Еуразия үкіметаралық кеңесі отырысында Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеттеріндегі бақылауды күшейтуді контрабандамен күрес амалы деп түсіндіріп, бүкіл даулы мәселелерді шешуі тиіс болған жол картасына қол қоюдан бас тартқан.

Қырғыз үкіметі Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдемесіне қатысты "Қазақстан Еуразия экономикалық одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларын бұзып отырғандықтан тек ақталып отыр әрі кей тұстары жалған" деп жауап берген.

ҚАЗАҚСТАН МИНИСТРЛІКТЕРІНІҢ АҚПАРАТТАРЫ

Қазақстандағы ресми ақпараттар қазанның 10-нынан бастап қазақ-қырғыз шекарасында түрлі тексерістердің күшейгенін, әлі де жүріп жатқанын теріске шығармайды. Алайда ресми ақпараттардан олардың кедендік тексерістер емес, фитосанитариялық немесе құжаттық, т.б. тексерулер екені байқалады.

Азаттықтың Қазақ қызметінің тілшісі Қазақстан қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетіне хабарласқан еді. [ЕАЭО аясындағы] біріккен кедендік инфрақұрылым мен бақылау басқармасының аты-жөнін айтпаған өкілі:

- Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу пункті Еуразия экономика одағының (ЕАЭО) кедендік шекарасы емес. Сондықтан, онда кедендік бақылау жүргізілмейді. Бірақ өткізу пункті бар, ол жерде шекаралық бақылау жүргізіледі. 2015 жылы мамырдың 30-ы күні қол қойылған ЕАЭО келісімшарты бойынша кедендік бақылау сол жылы тамыздың 12-сі алынып тасталған. Біз ол жерден кеттік. Біздің ол жерде болуымызға заң рұқсат бермейді, - деп жауап берді.

Біріккен кедендік инфрақұрылым мен бақылау басқармасының өкілі шекарада кедендік бақылаудан басқа тексерістердің болуы мүмкін екенін айтады. Ал Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі Қырғызстанға фитосанитариялық қаупі бар 500 тоннаға жуық өнімнің қайтарылғаны жөнінде ақпарат жариялаған.

Қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстанға өте алмай тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстанға өте алмай тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.

Қазанның 24-і министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, "2017 жылдың қазан айының 6-сы мен 20-сы аралығында құжат тексеру барысында Қазақстан аумағына жоғарғы фитосанитариялық қаупі бар карантинге жатқызылатын өнімдерді әкелудің 59 фактісі анықталған". Қырғызстанға қайтарылған өнімдердің арасында алма, алмұрт, жүзім, қызылша, құрма, анар, кептірілген жемістер, таңқурай, құлпынай, қара өрік, т.б. өнімдер аталады.

Оқи отырыңыз: «Қазақ-қырғыз достығына селкеу түспейді»

Қазақстан инвестициялар және даму министрлігі 2017 жылы қазанның 30-ы күні «Қырғызстан тасымалдаушылары тарапынан жасалған заң бұзушылықтар» туралы ресми сайтында хабарлаған.

Министрлік «қазан айының 10-ы мен 30-ы аралығында көлік комитеті өкілдері қырғыз тасымалдаушылары тарапынан жасалған 360 заң бұзушылықты анықтады» деп жазады. 20 күннің ішінде тексерілген көліктің саны «3054 автокөлік құралына» жетіп, 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

Қордайда тұрған қазақстандық қарулы жауынгерлер. Жамбыл облысы, Қордай, 11 қазан 2017 жыл.
Қордайда тұрған қазақстандық қарулы жауынгерлер. Жамбыл облысы, Қордай, 11 қазан 2017 жыл.

Министрлік «Ең жиі кездесетін заң бұзушылық тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмауы (40 пайыз)» деп жазған. Одан басқа заң бұзу оқиғалары қатарында ведомство «тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмауын (103 айыппұл салынған), салмақ және габарит параметрлерін сақтамауды (69 айыппұл), жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмауын (13), каботажды тасымалды (11), жүк тасу ережелерін бұзуды (11 айыппұл)» атаған.

Шекарадағы тексерісті Қазақстан қазанның 10-ы күні "заң бұзушылықты болдырмау мақсатында" күшейткен. Бірақ кей сарапшылар, шекарадан өте алмай шығын шеккен жүргізушілер мен кәсіпкерлер ұзын-сонар кептелістердің қазанның 10-ынан бастап пайда болуын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қазанның 8-і күні жасаған, Қазақстан билігін сынаған мәлімдемесімен байланыстырады.

Мәселен, "қырғыз кәсіпкерлерінің шекарадағы заң бұзушылығы неге бұрын айтылмаған?" деген қазақстандық саясаттанушы Әміржан Қосанов қазанның 10-ы күні басталған әбігерді:

- Атамбаевтың осыдан біраз уақыт бұрын (қазанның 8-і жасаған мәлімдемесін айтады - ред.) Қазақстандағы экономикалық жағдайға, саяси жағдайға, жемқорлыққа қатысты айтқан қатты сөздері Қазақстандағы саяси элитаның шымбайына батып, біздің басшылар сол шоктан әлі айыға алмай отырған сияқты, - деп түсіндірген еді.

ВИДЕО: Атамбаевтың қазақ билігін сынаған мәлімдемесі (8 қазан 2017 жыл)

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

Қазанның 30-ы күні Қырғызстан үкіметі шекарадағы жағдайдан зиян шеккен субъектілерді мемлекет тарапынан қолдау шараларын мақұлдаған. Азаттықтың Қазақ редакциясы ЕАЭО-ның экономикалық комиссиясына (ЕЭК) қазанның 26-сы күні қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалға және Сағынтаевтың Қырғызстанды "Қытайдан әкелінген тауарларды жасырып, ЕАЭО-ның кедендік және салықтық заңнамасын бұзып отыр" деп айыптауына (қазанның 25-і, Ереванда) байланысты сауалхат жолдаған еді. Әзірге ЕЭК-тен жауап келген жоқ.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы толықтырыла отырып жарияланды.

XS
SM
MD
LG