Accessibility links

Кәсіпкерлер шығынын кім өтейді?


Қазақ-қырғыз шекарасы. Қырғызстан, "Ақ жол" шекара пункті, 12 қазан 2017 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасы. Қырғызстан, "Ақ жол" шекара пункті, 12 қазан 2017 жыл.

Шекарадағы жағдайдың кесірінен зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу мәселесін Қырғызстан үкіметі әзірше шешкен жоқ. Өткен аптада экономика министрлігі шығындарды есептейтінін хабарлаған.

Екі апта бұрын Қазақстан шекарадан өткізу режимін күшейткен соң шекара маңында жүздеген ауыр жүк таситын көліктер жиналып қалды.

Қырғызстан экономика министрлігі шекарадағы жағдайдың кесірінен келген шығындар қазанның 18-інен бастап есептеледі деп хабарлаған еді. Экономика министрінің орынбасары Алмаз Сазбаковтың хабарлауынша, ведомствоаралық комиссия әлі құрылмаған, шығындар екі елдің Астанада қол жеткізген келісімдеріне сәйкес есептелетін болады.

- Комиссия әлі құрылған жоқ. Қазір екі жақты келіссөздер жүріп жатыр, Шешім келіссөз аяқталғаннан кейін қабылданатын болады. Менде басқа ақпарат жоқ, өзге ештеңе айта алмаймын, - дейді ол.

Қазір Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Толкунбек Абдыгулов бастаған делегация Астанада жүр. Бес күнге созылатын келіссөз кезінде шекарадағы жағдайды жақсартатын хаттама толтырылады деп хабарланды.

Қырғызстан парламенті - Жогорку Кенештің бюджет және қаржы комитетінің төрағасы, парламенттегі "Республика-Ата-Жұрт" фракциясының депутаты Таабалды Тиллаев зардап шеккендерге өтемақы төлеу жайына үкімет ерекше көңіл бөлуі тиіс деп санайды.

- Өтемақы міндетті түрде төленуі тиіс. Маған да кәсіпкерлер келіп жатыр. Мысалы, қараөрік тасымалдаушылардың айтуынша, олардың өнімі бір апта ғана сақталады. Сәрсенбі күні парламенттің пленарлық отырысында осы мәселені қозғаймыз, - дейді ол.

Қырғызстан парламентіндегі экономикалық және фискалдық саясат комитетінің мүшесі, Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан сайланған (СДПК) депутаттар фракциясы өкілі Азамат Арапбаев бюджетте мұндай жағдайлар үшін қаражат қарастырылмаған, жағдайды осы қиындатып тұр дейді.

Азамат Арапбаев.
Азамат Арапбаев.

- Көптеген азаматтарымыз шығынға батты. Әсіресе тез бұзылатын өнімдерін апара жатқан фермерлерге қиын болды. Үкіметке біз де тапсырма береміз. Шығынға батып жатқан азаматтарға қарайласу жағын министрлер кабинеті де ойластырып жатыр. Бюджеттен ақша бөлу жағы қиын болып тұр. Үкімет қандай шешім қабылдайтынына қарай,көреміз. Егер дұрыс шешім қабылдамаса, мәселені парламентте қараймыз. Бәрі - өзіміздің азаматтар. Үкімет оларға қандай көмек қажеттігін қарауы тиіс, парламент те өз ұсыныстарын жасайтын болады, - дейді ол.

Қырғызстан ұлттық бизнес-қауымдастықтар альянсы секретариатының жетекшісі Улук Кыдырбаевтың айтуынша, материалдық шығыннан бөлек, кәсіпкерлердің репутациясына да зиян келген.

- Әр компания, әр кәсіпкер өзінің іскерлік атына, беделіне кір келтірмеуге тырысады. Кез келген нарықта кіммен жұмыс істеуге болады, оның беделі қандай, сенуге болатын адам ба деген сұрақтар туады. Қазақстанмен шекарадағы жағдай – «форс-мажор» жағдай. Біз Қазақстан арқылы көптеген елдерге тауар тасимыз. Сондықтан әлгі елдердегі клиенттердің арасында біздің кәсіпкерлермен істес болуға қатысты дүдәмал пікір қалыптасуы мүмкін. Олар егер шекараны тағы жауып тастап, мына жағдай тағы қайталанса не болады деп ойлайды ғой. Бұл өте ауыр шығын, - дейді ол.

Кубат Оторбаев.
Кубат Оторбаев.

Ертеректе өтемақы төлеу мәселесін Қырғызстандағы омбудсмен Кубат Оторбаев та қозғаған болатын. Ол үкіметті комиссияның шұғыл жиынын өткізуге шақырған.

Қазанның 23-і күні Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі Қазақстанмен шекарадағы "Ақжол-Автожол" мен "Ақ Тілек" бекеттерінде кезек пайда болып, көліктер жиналып қалды, ал "Чон-Капка" және "Чалдовар" бекеттерінде кезек жоқ деп хабарлаған.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің өкілі Салкын Абдыкариева жағдайды былай сипаттайды:

- "Ақжол-Автожол" өткізу пунктінде 300-ден көп адам кезек күтіп тұр. Сағат 10-нан кейін бұл қалыпты құбылыс саналады. 15-20 минутта 30 адамнан өткізіп жатыр. Әр жарты сағат сайын 7-8 автокөліктен өткізеді. 40 шақты жеңіл көлік, маршрутты таксилер мен автобустар кезек күтіп тұр. "Ақ Тілек" бекетінде ауыр жүк таситын көліктер легі әлі байқалады. Қазір ол жақта 400-ден аса фура тұр. Қазақстан жағы сағатына сегіз фурадан өткізіп жатыр. «Чон-Капка» мен «Чалдовар» пункттерінде кезек жоқ.

Ауыр жүк таситын көліктер жүргізушілері бірлестігінің өкілі Максатбек Дүйшеевтің айтуынша, жолаушылар мен жеңіл көліктерді өткізу тәртібі жеңілдеген, бірақ үлкен жүк көліктерінің шекарадан өткізуде әлі проблема бар.

Қазанның 18-і күні премьер-министр Сапар Исаков Астанаға барып, Қазақстан үкіметі басшысы Бақытжан Сағынтаевпен кездескен. Кездесу нәтижесінде қазанның 19-ы күні қазақ-қырғыз шекарасынан жеке азаматтардың, жолаушы таситын, жеңіл және бос көліктердің өтуі оңайлады. Бірақ ауыр жүк таситын көліктерге қатысты проблема шешілмеген.

Астанадағы қазанның 18-і күні болған кездесуде Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан Еуразия экономика одағы шарттарын орындамай отыр деп мәлімдемеген, мұны Қырғызстан тарабы да мойындаған.

Қосымша: Азаттықтың Қазақ қызметінің тілшілері Қазақстан үкіметіне хабарласып, шекарада зиян шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу мәселесі туралы сұрап көрмек болған еді. Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері Азаттық тілшісінен ресми сауал жолдауды талап етті.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG