Қырғызстанда көмірмен қамту мәселесі шешіле бастады. Қырғыз вице-премьері Дүйшенбек Зилалиев қараша айының соңына дейін Қазақстаннан 100 мың тонна көмір түсетінін мәлімдеді.
"Соңғы мәліметке қарағанда, көмір жеткізіле бастады. 1 қарашада алты вагон көмір түсті, бүгін тоғыз вагон жетті. "Луговая" станциясында көмір тиелген 25 вагон тұр. Айдың соңына дейін 100 мың тонна көмір аламыз" деді вице-премьер.
Қыс қарсаңында Бішкекте көмір бағасы тоннасына төрт мың сомға (60 доллар шамасында) дейін қымбаттап кетті. Сатушылар қымбаттаудың себебін Қазақстаннан көмір импорттаудың тоқтағанымен түсіндірген.
Дүйшенбек Зилалиев 2 қарашада Жогорку Кеңеште сөйлеген кезінде үкімет көмір бағасын реттейтінін мәлімдеген.